МАЭК су тұщыту зауытына 158 миллион теңге қарыз

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен «Каспий» су тұщыту зауыты - аймақтың ірі ауыз су өндіруші компаниялары. Алайда, энергетикалық комбинат зауытқа қарыз болып қалған.

Маэк/зауыт
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Маңғыстау облыстық соты таратқан мәліметке сүйенсек, іс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған. 

МАЭК мекемесі былтыр маусым айында Ақтау қаласындағы жеке және заңды тұлғалар үшін ауыз судың жеткіліксіз өндірілуіне және жеткілікті қамтамасыз етілмеуіне байланысты «Каспий» су тұщыту зауытынан көмек сұраған. Зауыт 1 м3 үшін 449,24 теңгеге су беруге келіскен.

Осылайша, зауыт МАЭК-ке қазан айында 64 560 790,27 теңге көлемінде 143 710 м3 және қараша айында 97 020 565,84 теңге көлемінде 215 966 м3 су берген. 

Маэк/зауыт
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Ал, МАЭК болса 3 288 768,84 теңге көлемінде ішінара ғана төлем жасап, қалғанын қайтармаған. 

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты өз міндеттемелерін орындамағаны үшін, зауыт өз құқықтарын қорғау үшін Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Талап-арыз бойынша берешек көлемі 158 311 850 теңге 77 тиынды құрады.

Сотта қарыз дауы медиативтік келісіммен аяқталған. Яғни, жауапкер талапты толық мойындап, зауыттың пайдасына 2025 жылғы 10 қаңтарға дейінгі мерзімде 158 311 850 теңге 77 тиын мөлшерінде берешек сомасын өтеуге міндеттелді.

Маэк/зауыт
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

 

Сот заңды күшіне енген. 

Еске салайық, Ақтауда маусым, шілде айларында ауыз су тапшылығы туындап, бірнеше күн бойы сусыз отырған тұрғындар жолды жапқан болатын.

Соңғы жаңалықтар