МАГАТЭ басшысы Үлбі металлургиялық зауыты қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано Үлбі металлургиялық зауыты қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«МАГАТЭ басқарушыларының кеңесі 2010 жылдың жетоқсанында Төмен байытылған уран банкін құру шешімін жасады. Онда ядролық отынның толық кезеңін ұсынуға қатысты мемлекеттерге қауіпсіздіктің қосымша деңгейі ескерілді. Бұл тұрғыда төмен байытылған уранның 90 тонна қоры қамтылмақ. Атап айтқанда, бұл отынды толықтай МАГАТЭ қадағалайды және мүше мемлекеттер үшін қолжетімді болады. Осы орайда отын жеткізілімінде тапшылықтың болдырмауына мүмкіндік жасалып, төмен байытылған уран коммерциялық немесе басқа көздерден қамтамасыз етіледі», - деді Юкия Амано Төмен байытылған уран банкін ашуға арналған салтанатты шарада.

Сонымен қатар ол аталған банк орналасқан Үлбі зауыты қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне жоғары баға берді.

«Үлбі металлургиялық зауыты қызметкерлері мен басшылығына кәсіби біліктіліктері үшін алғысымды айтамын. МАГАТЭ-нің сарапшылық тобының соңғы баяндамасы бойынша өнімді сақтау мен инфрақұрылым  мәселесі аясында жақсы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, осында МАГАТЭ-нің барлық қажетті талаптары мен қауіпсіздік стандарттары іске асырылған»,-деп түйіндеді сөзін Юкия Амано.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылғы 29 шілдеде Қазақстан өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру ниеті туралы ресми өтінімді халықаралық агенттікке жіберді. Өтінімде қарастыру үшін екі алаң ұсынылды, яғни Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы №5 алаңы қамтылды. 2011 жылы 29 тамыздан 2 қыркүйек аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің техникалық миссиясы қосылған алаңдарды қарап, Үлбі металлургиялық зауытын таңдады. Бұл 65 жылдық тарихы бар кәсіпорын, оның 45 жылдан астам мерзімінде осындай материалмен жұмыс істеу тәжірибесі бар. 2015 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Үкіметі өз қаулысымен елімізде МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уранбанкін «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ында орналастыру туралы келісімге қол қоюды мақұлдаған болатын. Сол жылдың 27 тамызында келісімге Қазақстан тарапынан Ерлан Ыдырысов пен МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қол қойған еді. МАГАТЭ төмен байытылған уран банкі жобасын жүзеге асыру үшін Ядролық қауіп-қатерге қарсы бастамадан 50 млн доллар, АҚШ Үкіметінен 49 млн доллар, Еуропа одағынан 25 млн еуро (физикалық қауіпсіздік жүйесін жаңартуға 5 млн еуроны қоса алғанда), Біріккен Араб Әмірліктерінен 10 млн доллар, Кувейттен 10 млн доллар, Норвегиядан 5 млн доллар, Қазақстаннан қосымша заттай жарналар, МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін ұстау шығындарын қоса алғанда 400 мың доллар жарна алған еді. Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Үлбі металлургиялық зауыты қоймасында МАГАТЭ-нің 90 тонна төмен байытылған ураны сақталатын болады. Қазақстан ірі уран өндіруші және жоғары байытылған уранды төмен байытылған уран формасына қайта өңдеу мүмкіндіктеріне ие бола отырып, бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өз үлесін қосуға ниетті.  

Соңғы жаңалықтар