МАГАТЭ мамандары Астанада атом энергетикасы саласындағы лицензиялау мәселесін талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сарапшылар Қазақстанда атом энергетикасын саласын заңнама арқылы реттеу мәселесін талқылау үшін Астанада жиналды.

«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС ұйымдастырған бес күндік іс-шара кезінде атом энергетикасы саласындағы лицензиялау, инспекциялық бақылау, сертификаттау, АЭС құрылысының стандарттарын бекіту халықаралық тәжірибеде қалай іске асатыны талқыланып, Қазақстанның ұстанымы пысықталмақ.
Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті Атом жобаларын дамыту басқармасының басшысы Қанат Тұяқбаевтың айтуына қарағанда, бұл жиын атом энергетикасына жаңадан ден қойып жатқан Қазақстанның мамандарына әлемдегі үздік тәжірибелердің ерекшеліктерін жете түсінуге мүмкіндік ашады.
– Бұл миссия Қазақстанға атом энергетикасын реттеу үшін қандай жүйе табысты әрі сенімді болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл сала енді ғана қолға алынып жатқандықтан біздегі реттеу негіздері дұрыс болғаны маңызды. АЭС жобаларының аясындағы лицензиялау, инспекциялық қадағалау, рұқсаттар беру мәселелеріне баса назар аударсақ деп отырмыз. Бұған дейін МАГАТЭ-мен бірге өткізген шаралардан айырмашылығы басым бағыт ретінде энергетикалық жобалар алынғанында, - дейді ол.
Министрлік өкілі Қазақстан АЭС мәселесінде халықаралық агенттік ұстанымдары мүлтіксіз ескеруге ниетті екенін атап өтті.
– Қазақстан әрі қарай да МАГАТЭ-нің бастамаларын ұстанып, атом энергетикасын адамзат игілігі жолында ғана пайдалануға күш салады, - дейді Қанат Тұяқбаев.
Бес күндік жиын аясында тақырыптық дәрістер, жұмыс сессиялары, талқылаулар өтпек.
Еске салсақ, өткен аптада дәл осындай форматпен Қазақстан аумағында АЭС салынатын орындарды таңдау тәсілдеріне арналған семинар өткен болатын.