Магистратураға түсуге 17 мың жас маман өтініш берді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құжат қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүргізілді. Конкурс нәтижелері 25 тамызға дейін жарияланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы, 2022-2023 оқу жылына магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Грант конкурсына құжат жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта және виртуалды комиссиялар арқылы онлайн қабылданды.

«Бірнеше жыл қатарынан өтініштердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мен «Бизнес, басқару және құқық» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақта қазақ тілі және әдебиет, шет тілі мұғалімдері, инженерлер және дипломаттар арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады деген болжам бар», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, БАҚ, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді.

Білім гранты иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде 25 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 28 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Білім беру гранттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ жұмыс берушілердің кадр қажеттілігі бойынша деректері негізінде бөлінген.

Еске салсақ, 12 тамызда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталатыны жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар
telegram