Мағжан Жұмабаевтың бұрын жарияланбаған фотосы табылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві Мағжан Жұмабаевқа қатысты тың құжаттармен толықты.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, алғашқы құжат Өзбекстанда табылған.
— Ақын 1923 жылы Петропавлдан Ташкентке кетуге мәжбүр болады. Сол жақта ғылыми комиссияның құрамында болған, оның өз қолымен жазған құжат табылды. Комиссия құрамына Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамбетов те кірген. Қазақстанның тарихын зерттеуді мақсат еткен тұлғалар Абай Құнанбаев өлеңдерінің екінші жинағының шығуына мұрындық болды. Осы жайында құжаттар таптық, — дейді Сәуле Мәлікова.

Екінші құжат Мағжан Жұмабаевтың ұстаздық жолымен байланысты.
— Жақында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдық мерейтойын атап өттік. Ол жерде халықаралық конференция болды. Шетелдік әріптестермен жұмыс істеу барысында тағы бір құнды құжатқа қол жеткіздім. Бұл — Мағжанның бұған дейін еш жерде шықпаған фотосуреті. Ол алғашқы қазақ жоғары оқу орнында сабақ берген кезінен түсірілген. Институт бастапқыда Ташкентте ашылды, кейін Алматыға көшірілді, ол - қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, — дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Фотодағы жазу негізінен араб әліпбиімен жазылған, тек төбесінде жоғары оқу орнының бірінші түлектері екендігі орысша көрсетілген.

— Оқу орнының алғашқы толық атауы — Өлкелік Қырғыз (қазақ) ағарту ісі институты. 1920 жылы 1 қазанда педагогикалық училищеден құрылған екен. Сол жылдары жалпы студент саны — 142 болса, соның 38-і жаңа оқу жылында қабылданған. Сол алғашқы жылдары (1923 жылы) осы жоғары оқу орнында қызмет еткен ұлт зиялыларына тоқталсақ — Халел Досмұхамедов бар, ол гигиена пәнінің оқытушысы болған. Мұхамеджан Тынышпаев — математика пәнінің оқытушысы. Мағжан Жұмабаевтың қандай пәннен дәріс бергені жазылмаған, — дейді архив директоры.
Университеттің ресми ақпаратына сүйенсек, Қазақ мемлекеттік университеті 1928 жылы наурызда құрылып, алғашқы кезде педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттерді ашу жоспарланған.
Алайда бірінші кезекте сауатсыздықты жою үшін педагог кадрлар қажет болғандықтан педагогикалық бағытта ашылады. Тұңғыш жоғары оқу орнында бастапқыда физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болды.

Ал 1930 жылдан бастап оқу орны Қазақ педагогикалық институты деп аталып, оған 1935 жылы Абайдың есімі берілді.
Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов секілді бірқатар тұлғалар институтта дәріс берді. Табылған фото арқылы Мағжан Жұмабаевтың да профессор-оқытушылар құрамының алдыңғы сапында болғанын білуге болады.
Естеріңізге салайық, Петропавлда еліміздегі алғашқы ғылыми-мәдени хаб — «Мағжан орталығы» ашылған еді.
Орталық ғасырдан астам тарихы бар, халық арасында «Қалыңдық үйі» атанған көне ғимаратта орналасқан.