«Мағжан» журналының екінші саны жарыққа шықты
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Таяуда «Мағжан» әдеби-көркем көпшілік журналының №2 саны жарыққа шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басылым Мағжан туралы зерттеулерді, арнау өлеңдерді жариялап келеді. Сол секілді Мағжан ақынның өз шығармалары да оқырманға тұрақты ұсынылады. Осы санында Мағжан Жұмабайұлының «Ақан сері» атты мақаласы жарияланған. Онда Мағжан Ақан серінің өмірі мен өскен ортасы, елге тараған әндері жайлы жаза келіп, өлеңдеріне арнайы тоқталып, пікір жазған. Сонау 1920 жылдары Мағжан Жұмабайұлы: «Біздің міндетіміз - өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың «ескісіз жаңа болмайды» деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру. Сөз соңында Ақан сөздерінің тегіс жиналмағандығын ескертеміз. Көкшетаудағы Біләл жолдас жинауға кіріссе дұрыс болар еді», деген екен. Аталмыш мақаласы осылай аяқталады.
Осы жариялымда түрік жазушысы Фетхуллаһ Гүленнің «Мәулана Жәлаледдин Руми» деген еңбегі жарияланып отыр. Бұл ғылыми мақалада ислам дінінің құндылықтары, Мұхаммед пайғамбардың ілімін жалғастырған Хазірет Мәулана туралы баяндалған.
Журналда ақын Мүталлап Қанғожиннің «Мен Мағжанның көшесінде тұрамын» деген атпен өлеңдер топтамасы берілген. Омар Жәлелұлының «Мағжанның махаббат лирикасы» атты әдеби зерттеуі, Жанат Елшібектің «Шырағы бар жүрегінде» атты ой толғамы, Кенжебек Тәшетовтің «Қасиетті Қызылжар» мақаласы жарық көріп отыр.
Мәжіліс депутаты Ж.Сүлейменовтың ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаға Қожаберген жыраудың есімін мәңгі есте қалдыруға қатысты жолдаған депутаттық сауалы, оған Үкімет басшысының берген жауабы да журнал бетінен орын алған. Сол секілді Мағжан мұраларын насихаттауға байланысты және Махамбетке Астана мен Алматы қалаларында ескерткіш орнату туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға жолдаған депутаттық сауалдар да журналда жарық көрді. Министрдің депутатқа берген жауабы да жарияланған.
«Кейінгі толқын» айдарымен Әлібек Серғалиев, Фархат Тастамбеков және Әлібек Зәбеновтің өлеңдері оқырман назарына ұсынылған.
«Әлем әдебиеті» айдарымен латыш жазушысы Даце Рукшаненің «Шырғалаң» романынан үзінді берілген. Бұл шығарманы жазушы Шәрбану Бейсенова тәржімалаған.
Ақын Айбатыр Сейтақтың «Мағжанның мұңды да сырлы әлемі» атты шағын мақаласы жарық көрген. Сонымен қатар Әуезхан Қодардың аудармасында Мағжанның бір топ өлеңі орыс тілінде жарияланған.