Мағжанға арналған монета шығарылды
АСТАНА. 30 мамыр.ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2013 жылғы 28 мамырдан бастап нейзильбер қоспасынан жасалған номиналдық құны 50 теңгелік М.Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған ескерткіш монетаны айналысқа шығаратындығын хабарлады,
деп жазады Baq.kz.
Монетаның қыры бедерлі және қапталындағы бейнелер мен жазулар шығыңқы. Диаметрі - 31 мм., массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 000 дана.
Номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монетаны «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монетаның дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталардың бір мың данасы жақсартылған сапамен дайындалды және арнайы пластикалық термовакуумды орауға салынған.
Еске сала кетсек, 2013 жылғы 25 маусымда Алаш арысы, ақын, публицист, педагог, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаевтың туылғанына 120 жыл толмақ.