Мақпал Исабекова Инстаграмдағы парақшасын сатып, көмек көрсеткен қыз елге оралды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан шоу-бизнесінің өкілі, әнші Мақпал Исабекова Инстаграмдағы өзінің парақшасын сатып, көмек көрсеткен Əсел Хұсайнова Қытайдағы емінен соң еліне аман-есен оралды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мақпал Исабекова жол апатынан кейін «сол жақ жамбас сүйегінің созылмалы остеомелиті» диагнозы қойылған 29 жастағы талдықорғандық Әсел Қасымханқызына көмектесу үшін өзінің Инстаграмдағы 1 млн.-нан астам оқырманы бар парақшасын сатқан еді. Əнші әлеуметтік желідегі аккаунтын 1,5 млн теңгеге бағалады. Саудаға шығарылған парақшаны 10 сағаттан соң Астаналық бойжеткен сатып алды.
Ə. Хұсайнова əншінің өзімен әлі жеке сөйлеспеген. Тек əлеуметтік желі арқылы хабарласып, ыстық ықыласын білдірген көрінеді.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Əселмен сұхбаттасып, оның емнен кейінгі хал-жағдайын білген еді.
- Əсел, Сіз əлеуметтік желі арқылы халықтан көмек сұрадыңыз. Дəл осындай танымал адамдар қаржылай көмекті көрсетеді деп сендіңіз бе?
- Мен Қытайға ота жасатуға кеткенмін. Бір күні ағам қоңырау шалып, Мақпал Исабекованың өзі қаржылай көмектескелі жатыр дегенде қатты таңдандым. Ол енді жұлдыз ғой, мен үшін Инстаграмдағы парақшасын сатып, қолдау көрсеткеніне қатты ризамын. Өзім Мақпалдың əндерін сүйіп тыңдаймын.
Менің отама 15 мың доллар қажет болды. Мен үшін ол өте көп қаражат. Тығырыққа тірелгендіктен осындай шешім қабылдауға мəжбүр болдым. Себебі қазақстандық дəрігерлер маған бірден аяғымды жамбасыма дейін кесеміз деді. Өйткені өршіп бара жатқан іріңді тоқтату керек екен. Ал ондай шешім қабылдамасам, тіптен жүруден қалып, төсек тартамын. Өте ауыр жағдай. Содан менің таныс досым əлеуметтік желі арқылы көмек сұрауды ұсынды. Басында бірден қарсылығымды білдірдім. Себебі, мен үшін ол ұят жағдай. Намыстандым. Бірақ, қаржылай көмекке зəру болғандықтан шешім қабылдап, келістім. Əлеуметтік желіге салатын мəтінді де мың ойланып, екі күн бойы жаздым. Əрине бəрі бірдей қабылдаған жоқ. Халықтың қолдауымен қатар, қарсылық танытқандар да болғанын жасырмаймын. Хабарласқандар өте көп болды. Бірақ, ерсі сөздер айтып, тағдырдың тəлкегіне ұшыраған менің жүрегімді жаралағандар да жоқ емес. Рас.
"Алаяқсың, сенің аяғыңның кесілгені өтірік" деп менің өзімді одан сайын тұқырта даттағандар да болды. Жаным ауырып тұрғанда танымайтын адамнан, тіпті кімнен болса да, мұндай сөз есту жығылғанға жұдырықтай тиеді екен. Бірақ тəубə! Ең бастысы ондай сөз айтқандар көп емес. Керісінше, қол ұшын созған жандардың саны шексіз. Сол жандардың қолдауының нəтижесінде бүгін отамды жасатып, үйіме оралдым.
- Сол отаны елімізде жасату мүмкін болмады ма?
- Иə, бұл сұрақ мені де қатты мазалайды. Медицина саласы дамып жатыр ғой. Бірақ осы саланың кейбір бағыты кенже қалуда. Қараңызшы, Қытайда бəрі дамыған. Сүйектің ішкі жағдайына дейін тексеретін аппараттары бар. Ал, бізде ол жоқ. Мəселен, осы жолғы отамда менің 2 см ғана сүйегімді кесіп, емдеді. Ал біздің дəрігерлер жамбасыма дейін кесеміз деп, зəре құтымды қашырды. Тіпті, қытайлық дəрігерлер «бұған дейін көрінгеніңде аяғыңды да сақтап қалуға мүмкін болар еді» дегенде, қандай күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
- Əсел, қазіргі жағдайыңыз қалай?
- Жағдайым жақсы. Қазір Талдықорғандамын. Əлі талай ем қабылдауым керек. Сүйектерімді қатайту қажет. Бір əттегені, менің ағзам дəрі-дəрмек ішсем, аллергия береді. Ол осы уақытқа дейін шамадан тыс дəрілерді қабылдағаннан да болар деп ойлаймын.
-Сізге қаржылай көмек əлі де керек секілді ғой сонда?
- Енді тіптен мұқтажбын деп айтқым да келмейді. Бірақ мен енді шипажайларға барып, ағзамды нығайтуым керек. Емдік шаралар қабылдауым тиіс. Жəне маған протезді бір жыл көлемінде тағуға болмайды. Отадан кейін аяғым толықтай жазылуы керек. Себебі, ішінің бəрі іріңдеп кеткен. Халық қолдап, қаржылай көмек көрсетіп жатса, қарсы емеспін.
-Дегенмен, бұндай жағдайға қалай тап болғаныңызды айта кетсеңіз?
- Бұл 2010 жылдың 30 маусымы болатын. Алматыдағы Политехникалық университетті бітіріп, Талдықорғанға дипломымды алып келе жатқан едік. Көлік апатына ұшырадық. Бұл осымен менің өмірімдегі екінші көлік апаты. Бірінші рет 2006 жылы түскен едім. Екі аяғымды сындырдым. Бір жыл оқуға бара алмадым. Ең бастысы, сауығып кеттім. Бірақ, бар кесел аяғыма жабысып тұр екен. Екі апатта да жүргізушінің қасында отырдым. Соққы мен отырған жақтан болды, сол аяғым сынды, сыртынан терісі ғана ұстап тұрды. Осындай қиын күндер өтті. Енді қалған күндерім тек жақсы болса екен деп тілеймін.
- Əсел,сіздің арманыңыз қандай?
- Шынымды айтсам, мен бұл сұрақты өз-өзіме қоймағалы қашан?! Ел қатарына қосылғым келеді, жүргім келеді. Жеке бизнесімді ашқым келеді. Бəлкім сəн салоны болар. Жəне мен түрлі моншақтармен картиналарды жасаймын. Сол шеберлігімді дамытқым келеді. Ең бастысы, қолдау көрсетіп, тілекші болған халқыма айтар алғысым шексіз! Халқымның тілеуінің арқасында өз ортама қайта ораламын деген үмітім басым.
-Арманыңызға жетіңіз! Тезірек сауығуыңызды тілеймін!