Мақсат Толықбай: «Даму» қоры арқылы төмен пайызбен несие беру статистикасы қып-қызыл өтірік
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кейбір әкімдердің бизнес субъектісіне айналып кеткен. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай айтты.
— Мемлекет бизнесті қолдау ретінде 4,5 трлн теңге берген. 20 жылдай болды, санаулы компания бар, жыл сайын соларды сауықтыруға 100 млрд-тап қаржы беріп келеміз. Иә, жақсы істейтіндері алсын. Бірақ, тиімділігін көрсете алмайтын компанияларды неге жарылқай береміз, неге бақылау жоқ? Олар тауар көлемін қанша пайызға арттырды, қанша салық төледі? Жұмыс орнын қанша пайызға көбейтті? Комитетте талай айтылды, барлығы жасырын. Қаржы министрлігінен сұрасаң, ләм-мим демейді. Банкке сұрау салсаң, мемлекеттік құпия дейді. Біз біреудің қалтасындағы ақшаны есептеп жатқанымыз жоқ, — деді ол.
Мәжілісмен бұл салықтың ақшасы болғаннан кейін әрбір тиыны экономикаға жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.
— Талапты күшейтпесе болмайды, бақылау жоқ. Экономикаға оң әсері болмаса, кейбір компанияларға тиімсіз шығысты тоқтату керек. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кейбір әкімдердің бизнес субъектісіне айналып кеткен. «Даму» қорымен төмен пайызбен несие беріп жатырмыз дейді, статистикасы қып-қызыл өтірік. 200 млрд теңге бөлінген. Бірақ, өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несие ала алған. Жобалардың көбі формалды түрде жұмыс істейді. Бар қаржының өзі бизнеске кеш жетіп жатыр. Бизнесті қолдаудың бірыңғай терезесі туралы көптен беріп айтып келеміз. Сөз жүзінде бар, іс жүзінде жұмыс істемейді. Президент тапсырмасы неге орындалмады. Платформа неге жұмыс істемей тұр?», — деп сұрады осы орайда ол Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен.
Сауалға жауап берген вице-премьер eGov Business платформасы енгізілгенін айтты.
— Қазіргі уақытта платформада бизнесмендерге 3 млн 500 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Платформаға жеке кабинет арқылы 78 мыңнан астам бизнес өкілі тіркелді. Жұмыс басталып кетті. Енді оны ары қарай дамыту міндетіміз. Қазақстандағы бүкіл бизнеске мемлекеттік қолдау жасау мақсатымыз жоқ, — деді ол.
Сонымен қатар ол бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер өңір», «Өрлеу» сынды бағдарламалардың бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты есебін тыңдап отыр.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшілігін атады.