Мақсатымыз - Даңқты Ұлтқа айналу
nbsp;АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Жас мемлекеттің іргесін мықтап бекітіп, шаңырағын шайқалтпау жолындағы саяси-интеллектуалдық күрес, дүниенің төрт бұрышынан жинақталған мемлекет құру тәжірибесін зерделеген ізденіс Елбасын үш ұлы пайым-тұжырымға және нақты қадамдарға әкелді. Атап айтқанда, Президент Н.Назарбаев 1994 жылғы наурызда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік
университетінде оқыған дәрісінде көрегендікке толы - Еуразиялық одақ идеясын ұсынды, сол жылы шілдеде елорданы Ақмолаға көшіру жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Ал 1995 жылғы тамызда, яғни осыдан тура 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, ел тағдырына қатысты барлық жауапкершілікті Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды.
Сөйтіп біз мемлекетті басқарудың президенттік жүйесіне қадам бастық. Оның себебі де жоқ емес еді. Осы ретте, Ата заңымызды дайындауға талмай тер төккен академик Салық Зимановтың мынадай пайымдарына ден қойған жөн. Заңгер-ғалым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билік тұтқаларының текетірестігі кесірінен, әрі сыртқы-ішкі «үрит, соқ» күштердің желпуімен бір бүтін елдің екіге бөліне жаздағанын айтады. Мәселен, Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайық казачествосы шпорларын сартылдатып, Оралдың көшелерін шаңдатып жатты. Нақ осы кездері қазақстандық бір топ депутаттар Мәскеуге жиналып, өз алдына көлеңкелі үкімет пен Қазақстанның аумағын бөлшектеуді көздейтін ірткісалушы қозғалысты құруға бастама көтергендері жайлы бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болды және олардың тараптарынан Президентті қызметінен кетіру, Үкіметті таратып жіберу, жергілікті өзін-өзі басқару құқына ие болу арқылы солтүстік облыстарды Ресейге беру жөнінде талаптар қойыла басталды. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу қажеттілігінің осындай сын сағатында С.Зиманов ел басқару жүйесін бір ізге салу керек болғандығы, оның ең тиімді жолы тікелей президенттік билікті орнықтыру екендігі жөніндегі өз ойларымен баспасөзде бірнеше мәрте бөліскенін, «Бізге диктатураға мүлде жат, күшті президенттік билік керек» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанын тілге тиек етеді.
Жалпы алғанда, сол кез ұлттық мүдделерді аяқасты еткісі келгендердің қарқынын қайтару үшін мол күш-жігердің қажет еткендігін айтқан жөн. Осы орайда ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің «Қазақ әдебиеті» газетінің шілденің 30-ындағы санында жарияланған «Сенім» атты мақаласында келтірілген мына бір мысалы көп жәйдан хабар береді. Әлдебір шешеннің кезектегі бір жиында өрекпіп тоқтау бермеген сәтінде Президент Н.Назарбаевтың шалт қимылдап, микрофон алғанын тілге тиек ете отырып, Н.Оразалин Елбасының «Әркім ел тағдырын өз тағдырындай көріп, сөйлеуі ләзім. Даудың арты жаулыққа апармауы тиіс. Жаулыққа барған елдердің боздақ ұландары қалай оққа ұшып, жазықсыздан-жазықсыз қырылып жатқанын көріп отырсыздар. Ұлт намысы отпен тең. Отпен ойнауға болмайды. Даудың құрбаны болған сол өзгенің ұлын өз ұлыңдай көріп, арыңның алдында адал сөйле! Сонда ғана ісіміз оңға басады. Сөз - киелі дүние. Тауып сөйлесең - бағың жанады, ауып сөйлесең - астыңдағы тағың жанады. Бір ауыз сөз бәрін шешеді. Қуанышқа бөлейді, байқамасаң қанға батырады. Таулы Қарабақ қырғыны байқамай айтылған бір ауыз сөзден басталған. Сөзге жауапты болайық!» дегені айқайшыларға да, жанашырларға да қатты әсер еткені әлі есімде деп, ағынан жарылады. Сөйте келе «Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тарихтың аумалы-төкпелі осындай өтпелі кезеңінде ескі мен жаңаның мінезін тап басып ұстар, халық жүрегіне жол таба білер, қай ұлт үшін де күрделі кезеңде үміт отын өшірмей, сенім биігінен көрінер, «өрге салсаң - төске озар, ерте салсаң - кешке озар» қазақы ұғым тұрғысынан айтқанда, арғымақ бітімді, арыстан жүректі бір азаматтың көш тізгінін қолға алуы керек еді. Тарих сол керектің үдесінен шықты. Халық өз таңдауын қалай жаңылмай жасаған болса, Нұрсұлтан Назарбаев та ел көшін қиын-қыстау кезеңдерден солай аман алып өтіп, ел Сенімін арқалап келеді» деп ойын түйіндейді.
Сол жылдары Жоғарғы Кеңес депутаттарының арасынан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына қарсылық көрсеткендер де болып жатты. Осыған байланысты мына бір жағдайды айтпай кетпеске болмайды. Канада жазушысы Эрнест Сетон-Томпсонның бір әңгімесінде аңшылардың соңына салған көп итінен қашқан елік, жаны қысылған соң сол адамдардың, яғни иттерді салып тұрған аңшылардың арасына келіп тығылатындығын мысал ете отырып, Қадыр Мырзалиевтің «Орыс ағайындар, бүгінгі қазақ тілі сол аңшылардың итінен қашқан еліктің күнін кешіп отыр. Оның тағдыры тек сіздердің қолдарыңызда» деп жасаған баяндамасынан кейін ғана депутаттар екінші қайтара дауыс беріп, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып Конституцияға кіргенін екінің бірі біле бермейді. Бұл, әрине, Қадыр ағаның тапқырлығы мен білгірлігінің арқасы.
Байқасақ, 1993-те де, 1995 жылы да Конституцияның қабылдануы оңай шаруа болмапты. Енді міне, кезінде қазақ қоғамының құқықтық тепе-теңдігін сақтауға ықпал еткен халықтық асыл қазыналар болып табылатын Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мен «Қасымханның қасқа жолына» пара-пар келетін Тәуелсіз Қазақ елінің Конституциясы мемлекеттің дамуындағы өтпелі және даму кезеңіндегі заңдылықтарды ретімен іске асырып келеді. Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтарына толық жағдай жасалған. Ата Заңымыздың алғашқы бабының алғашқы тармағында-ақ, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғанын байқайсыз. Яғни, азаматтың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне және зейнеткерлікке шығып, демалуына, кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік берілген. Жынысына, жасына қарамай, сондай-ақ ақсүйектік пен қара топ деп ара жігін ажыратпай, елдің әр азаматына адам баласына қажетті тұрмыстық техника мен құралдарды қолдануға, медициналық ем алу құқығы берілді. Заң бұзса жазалануы мен жауапқа тартылуы да шен мен шекпенге бөлінбей, сот орындары алдында кесілген үкіммен шартты жазасын алады.
Мемлекеттің жеке адамға деген қамқорлығының жарқын бір мысалы ретінде үлескерлер мәселесін алайық. Әлемдік экономикалық дағдарыстың құрылыс секторына кері әсерінен, сондай-ақ үлестік құрылысқа салынған қаржыны қалтаға басқан кейбір басшылардың алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен үлескерлерге мемлекет бей-жай қарай алмады. Елбасының тікелей тапсырмасымен және қатаң қадағалауымен Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінді. Нәтижесінде жекелеген азаматтардың үй мәселелерін толық шешуге мүмкіндік туды. Бұл жерде, мемлекет жекеменшік компаниялар мен жеке азаматтар арасында өзара жасалған коммерциялық келісімнен туындаған іске араласпаса да болатын еді. Өйткені, нарықтық экономика талаптарына сәйкес көптеген елдер жеке азаматтар мен жекеменшік компания арасындағы нақты мәселеге араласу орынсыз деп біледі. Демек, бұл тәжірибені алғаш болып қолға алып, іске асырған да біздің ел болып отыр.
Кең қазыналы, ырысқа толы қазақтың ұлан байтақ жері де Ата Заңнан тыс қалмаған. Нақтырақ айтқанда, мемлекет байлығын, қазынасын, ішкі және сыртқы тәртібін шетелдерге таныстырылуы түгел заңды түрде қамтамасыз етілген. Осылайша халық пен мемлекеттің жағдайын барынша кең қамтыған Конституция тармақтары бойынша тиісті заңнамаларға сүйене отырып, ел игілігіне бағытталған іс-шаралардың толассыз атқарылуының нәтижесінде көрші елдерден экономикамыз озық шықты. Жаһанды қамтыған дағдарыс қыспағынан Қазақстан халқы қиналмай өтті. Бұл жасы жиырмаға да толмаған мемлекет үшін үлкен жетістік.
Ең маңыздысы, сан ғасыр бойы арман мен мұраттың жемісті нәтижесі болып келген еліміздің егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны, мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ететіндігі Конституцияда анық көрсетілді. Ата Заң халқына қам жасап, жас ұрпақтың өскелең болашағын ойлаған мемлекетті - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп таныды. Ал, этникалық-ұлттық негізге сүйенген осынау біртұтас мемлекеттің болашағын баянды етудің сан-алуан жолы бар, әр кезеңге лайық тактикасы бар. Сол көп жолдардың бірі, әрі ең қарабайыры бұл тек қазақтың ғана жоғын жоқтау. «Мен қазақпын, сондықтан қазақты ғана қолдаймын, өзге ұлттар қазақтың ыңғайымен өмір сүріп, жұмыс істеуі тиіс» деген принципке сүйену. Төменгі буында белгілі бір дәрежеде іске асыруға болатын бұл принцип, мемлекеттік деңгейде үлкен соқтығысқа алып келеді. Республикамыздың халқының қырық пайызға жуығын құрайтын өзге ұлт өкілдері тықсыруға, төмендетуге шыдап отыра беретін қарабайыр тобыр емес, білімді, қажырлы, қазіргі заманның адамдары. Экономиканың бүкіл тізгінін шетелдіктерге беріп қойды дейтіндер де бар. Қазақтар аса пайдалы салалардан бос қалуда, экономикамыздың негізгі кілттері өзге ұлт өкілдерінің қолында деген сияқты тұжырымдамалар айтылуда. Иә, қазіргідей нарық заманы бәсекелестікке қабілетті білікті мамандарды қажет ететінін ескерсек, әзірге олардың дені өзге ұлт өкілдері екендігі жасырын емес. Демек бұл мәселені шешудің өзге жолдарын іздестіру керек. Оған Ата Заңда толық мүмкіндік беріліп отыр. Дәл осы Заңның 30-бабында көрсетілгендей, елімізде азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілген, ал мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқы бар болып саналады. Бұл - қоғамды білімді, сауатты адамдар түзсе, елдің де келешегі жарқын болатынын бейнелейді. Яғни, біздің ілгері өркендеп, теңдес және дамыған елдердің қауымдастығына нық қадам басамыз ба, әлде өткеннен жұбаныш тауып, өкпе мен өкінішке көміліп, тарих қалтарысында қаламыз ба - ол қазақ халқының парасатына байланысты. Олай болса, қазақ халқының алдында ұлтты ұйыстырудың алтын діңгегіне айналу жөнінде жаңа тарихи миссия тұр. Бүкіл елдің талқылауынан өткен Қазақстан Ұлт Бірлігі Доктринасы осы мақсатты көздейді.
Иә, біздің ұлы мақсатымыз - этникалық шығу тегімізге қарамай бірігіп, Даңқты Ұлтқа айналу және қолымызда тұрған ең бағалы құндылық - егемен, тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету. Ол үшін біз әлі күнге дейін ынтымағымызға кедергі келтіретін болымсыз істерден және қолдан жасалған кедергілерден арылуымыз керек. Осы орайда конституциялық негізде кепілдік берілген сөз еркіндігін ретімен әрі орынды пайдалану аса маңызды. Жоғарыда Елбасы атап өткендей, сөзге деген жауапкершілік бәрінен де биік тұруы тиіс. Әрине, «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сөз еркіндігінің, жариялылықтың қоғамның өркениетті негізде дамуына тигізетін пайдасы мол. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың басты көздегені де осы. Бүгінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының сексен пайыздан астамы мемлекеттік емес болып танылады. Оппозициялық және партиялық басылымдардың да саны айтарлықтай, ал олардың бір мезгілдегі тиражы 1,1 миллион дананы, немесе саяси-қоғамдық бағыттағы БАҚ-тардың барлық таралымының 64,5 пайызын құрайды. Яғни, сынау жағынан келгенде кенде емеспіз және оның басым бөлігі билікке бағытталып жатқаны жасырын емес. Қайсыбір басылымдар бетінен басынан аяғына дейін бірыңғай қаралау, жаппай жазғыру, адамдардың жеке басына тіл тигізу мен ар-намысына тиісу сыңайында жазылған дүниелерден көз тұнады. Олар жайлы сөз болғанда ақын Күләш Ахметованың мына шумағы еске түседі.
Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген, аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
Қазақтың қамын ойлар, қазақ қана!
Ендеше, бізді ыдыратуға және ынтымағымызды бұзуға бағытталған кез келген ықпалға белсенді түрде қарсы тұру үшін әрқайсымыздың бойымызда мығым мінез бен үлкен ұстамдылықтың болғаны ләзім. Сонымен қатар, Ата Заңды сыйлау, құрметтеу, әспеттеу, өз құқыңды жетік білу, мемлекетіңе, қоршаған ортаңа деген жарасымды сыйласымдылық болып табылады.