Мақсатымыз - ұрпақ бойында тарихи сана қалыптастыру - Х. Әбжанов (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Әділет» тарихи-ағарту қоғамымен бірлесе «Өткенге тағзым - келер ұрпаққа аманат» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өткізді.
Оған тарихшы ғалымдар, философтар, қуғындалған ұлт зиялыларының ұрпақтары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Олардың ішінде «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес болды.
«Қазақ тарихының басынан өткен ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін - тағылым алатын қасіреттер. Жалпы, қазақ жерінде қуғын-сүргін тек кеңестік дәуірде ғана болған жоқ. 1916 жылғы оқиғаларды қуғын-сүргін емес деп кім айтады!? Қазақтың соңғы ханы Кенесарыға қарсы жасалған қанды жорықтарды, зорлық-зомбылықтарды қуғын-сүргін емес деп кім айтады!? Иә, отар елдің маңдайына жазылатын бір қасірет - ол қуғын-сүргіннен көзін аша алмайтыны. Сол үшін тарих арқылы, шынайы тарихты білу арқылы тәуелсіздікті құрметтейтін, бағалайтын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, тарихты білмегендік - мәңгүрттенумен тең. Сондықтан, біздің мақсатымыз - тарихи ақиқатты айтып, ұрпақ бойында тарихи сана қалыптастыру», - деді журналистерге берген сұхбатында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов.
Дөңгелек үстел барысында баяндамалар жасалып, талқылаулар жүргізілді. Солардың ішінде «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жаңа зерттеу бағыттары: отандық тәжірибе, бүгінгі ерекшеліктері мен мүмкіндіктері», «Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу бағытының халықаралық тәжірибелері» және «Зерттеудің теориялық- әдістемелік мәселелері» тақырыбын айтуға болады. Сонымен қатар, мәжіліс барысында саяси қуғын-сүргін көрген қайраткерлердің ұрпақтары өз естеліктерімен бөлісті.
Айта кетелік, қазақ даласын шарпыған талай нәубеттің ішінде 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың әкелген қасіреті шексіз екені даусыз. Зерттеушілер келтірген деректерге сүйенсек, бұл нәубеттің демографиялық, экономикалық зардаптарынан айығуға қазақ халқына ширек ғасырдан астам уақыт қажет болған.
Сондай-ақ, қазақ халқының басынан өткен тағы бір нәубет - ол, ХХ ғасырдың 30-50-шы жылдары орын алған саяси қуғын-сүргін.
Ашаршылық мен саяси қуғын-сүргін - тоталитарлық қылмыстың ең сорақы түрлері екендігін дәйектеген, тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі - 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы. 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Саяси қуғын өткен ғасырдың басындағы қазан төңкерісінен бастап, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасына дейін жалғасты.
Ең өкініштісі, саяси жүйе ұлттың озық ойлы азаматтарының өмірін жалмады. Алғашқылардың қатарында алаш алыптары А. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, О. Жандосов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Тынышбаев, М. Жұмабаев. С. Асфендияров атылды.