Мақташылар ауыл шаруашылығы зиянкестерінің зардабынан тиісті өнім ала алмай, үлкен қаржылай зиян шегіп отыр - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының мақташылары ауыл шаруашылығы зиянкестерінің зардабынан тиісті өнім ала алмай, үлкен қаржылай зиян шегіп отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Өстемір Бектөреев осы мәселені қозғап, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа депутаттық сауал жолдады.
2010 жылы мемлекет тарапынан 284 млн. теңге химиялық өңдеуге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға алынған химиялық препараттар зиянкестерге әсер етпей, көптеген шаруашылықтар өнім ала алмады.
«Бұл - мақта шаруашылығының тарихында болмаған жағдай. Диқандар мақта бағасының көтерілгеніне сенім артып отыр. Мақта бір миллионнан астам халықтың жұмыс орны, басты күн көрушіліктің көзі, экспорттық дақыл - ұзақ сақтауға төзімді болса, басқа дақылдардың барлығы маусымдық -дақыл төзімсіз, сол себептен мақталы өңірде 55-60 пайыз жерге мақта егуге мәжбүр»,- деді депутат Ө. Бектөреев.
Халықаралық сарапшылардың болжамдары бойынша, келешекте де мақта бағасының көтерілетіні айтылуда. Алдағы мақсат - гектар өнімділігін арттыру. Кеңес Үкіметі кезінде ұшақпен, ауыл шаруашылық техникаларымен химиялық препараттарды пайдаланып, зиянкестерді жою жұмыстары жүргізілді. Осы ойларды айта келіп, депутат Ө. Бектөреев: «Сол себептен мемлекеттен бөлінген қаржыларды экологиялық таза, халықтың денсаулығына зиян келтірмейтін, зиянкестерге жақсы әсер ететін әрі өте арзан, табиғи пайдалы фауналарды көбейтуге жұмсау керек. Ол үшін биозертханалардың, биофабрикалардың жұмысын жолға қойса жеткілікті. Бұл - өндірісте пайдаланылған, тәжірибеден, сыннан өткен әдіс. Министрліктің тиісті мамандарын, ғалымдарды 2011жылдың басынан бастап осы әдістің іске асуына бағыттауға ықпал етуіңізді сұраймын», - деді.