Мал бордақылау алаңдарына 23,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиеге өтінім берілді

АСТАНА. KAZINFORM –  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, ҚР Үкіметінің қолдауымен бордақылау алаңдарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр.

мал шаруашылығы, бордақылау алаңы
Фото: АШМ

Бүгінгі күні бағдарлама аясында жалпы сомасы 23,3 млрд теңгеге 45 өтінім қабылданды. Оның ішінде 22,3 млрд теңге болатын 42 өтінім ірі қара малды бордақылау бағытында, ал 950 млн теңгеге 3 өтінім ұсақ малды бордақылау бағытында түсті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, ең белсенділік танытып отырған өңірлер – Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе облыстары және басқа да бірқатар аймақтар.

Еске сала кетсек, бағдарлама 2025 жылдың тамыз айының басында басталған болатын. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 50 млрд теңге.

Негізгі мақсат – айналым қаражатын толықтыруға қолжетімді несие беру арқылы ірі қара мен ұсақ малды бордақылаумен айналысатын кәсіпорындарды қолдау. Несиелеудің негізгі шарттары: қарыз мерзімі – 12 айға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%. Мақсатты аудитория – негізгі қызметі ірі қара және/немесе ұсақ мал бордақылау болып табылатын және қажетті өндірістік инфрақұрылымы бар кәсіпорындар.

Қатысудың міндетті шарты – бордақыланған малдың кемінде 50%-ын отандық ет өңдеу кәсіпорындарына өткізу. Өтінім беру немесе кеңес алу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жақын жердегі аймақтық филиалына жүгіну қажет.

Мал бордақылау алаңына субсидия алу талабы жеңілдейтінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар