Мал дәрігері алаяқтық әрекеті үшін айыпталды
Мемлекеттік қызметкер ветеринарлық анықтама қағазы жоқ саудагерден 3 мың теңге «ақы» алу үстінде ұсталған.
Ақтөбе қаржы полициясының ақпараты бойынша, ветеринар дәрігер бұл алаяқтық әрекетті 2009 жылдың тамыз айында, кезекті еңбек демалысында жүрген кезінде жасамақ болған. Қандыағаш қаласының орталық базарынан өтіп бара жатып, инспектор жәрмеңкеде қой және астық саудалап тұрған әйелді тексеріп, одан мал сатуға ветеринарлық анықтама қағазын сұрайды.
Құжаттың жоқтығын білген соң ол, әлгі саудагерді айыппұлмен қорқытып, одан 3 мың теңге талап етеді. Келесі күні осы келісілген соманы алу үстінде ол қаржы полициясының қолына түседі.
Мұғалжар аудандық сотының үкімімен ветеринар дәрігер 177-ші баптың 2-ші тармағының «в» тармақшасында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін (алаяқтық) кінәлі деп танылды және оған 5 айлық жалақы (286,2 мың теңге) көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.