Мал шаруашылығын дамыту біздің ұлттық жобамызға айналуы тиіс - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Күрішбаев
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мал шаруашылығын дамыту біздің ұлттық жобамызға айналуы тиіс.
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті.
«Жалпы мал шаруашылығын сапалы деңгейге көтеру арқылы біз үлкен тиімділікке ие боламыз. Аталған сала егіншілік шаруашылығымен салыстырғанда ауыл тұрғындарының жыл бойы жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді, бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді. Нәтижесінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды және оның экспорттық әлеуеті артады. Алайда, мал шаруашылығы тиісті талаптары бар күрделі сала екендігін ескеру қажет. Сондықтан, экономикалық шараларды қабылдаумен қатар, мал шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағытына айналдыруға бағытталған мақсатты жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Бұл біздің ұлттық жобамызға айналуы тиіс. Сондықтан да, бұл сұрақты бүгінгі талқылауға шығара отырып, біздің мақсатымыз депутаттық корпустың ғана емес сонымен қатар, барлық қоғамның назарын мал шаруашылығының мәселелеріне аудару болды», - деді А. Күрішбаев.
Сонымен бірге, мал шаруашылығы саласын дамытуды іске асыру мемлекеттік бюджеттен біршама қаржы бөлуді талап ететіндігін жеткізген министр, бұл ретте тиісті ұсыныстар белгіленген тәртіпте республикалық бюджеттік комиссияға және Парламентке тұрақты түрде енгізіліп отыратындығын мәлім етті.