Малдан мол өнім алу үшін алдымен жерді құнарландыру керек

АНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке ауыл шаруашылығындағы еңбек­тің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе арттыру міндетін жүктеп,

Малдан мол өнім алу үшін алдымен жерді құнарландыру керек

аграрлық секторда етті мал ша­руашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылатынын атап көрсеткен болатын. Бұл мақсатқа қазынадан 130 миллиард теңгелік несие ресурстары бөлініп, соның нәтижесінде 2016 жылы Қазақстанның сыртқа шығарылатын ет экспорты 60 мың тоннаға жететіні межеленген. Әрине, ата кәсіп саналатын мал шаруашылығына мұншалықты қамқорлық жасалса аграрлы Қазақстан үшін 60 мың тонна ет экспорттау түк емес тәрізді. Бұған елдің де жердің де әлеуеті жететіндей. Алайда Елбасы Жолдауында жүктелген міндетті бағындырып, ондай әлеуетті болашақ ұрпаққа да жеткізу оңай шешіле салатын мәселе емес екендігі аңғарылады. Өйткені, дәл бүгінгі Қазақстанның жерге қатысты жағдайына бірқатар сарапшы мамандар алаңдаушылық білдіріп отырғаны жасырын емес. Жылдар бойы «қамқорлықсыз» қалып, күйі кетіп, тозығы шыға бастаған жерді «жаңғырту» туралы мәселе көтерген ауыл шаруашылығы мамандары, онсыз ештеңе өнбейтінін, өндіру де мүмкін еместігін алға тартуда. Бір сөзбен айтқанда мал өнімін арттыру үшін ең бірінші кезекте сол малға азық беретін жерге үлкен қамқорлық керек болып отыр.

Әуелі бүгінгі Қазақстандағы жердің жай-күйіне келсек. Жер ресурстарын басқару агенттігінің мәліметінше, соңғы жылдары шөлейттену үдерістеріне Қазақстанның жер ау­мағының 70 пайызы әртүрлі ықтимал мөл­шерде ұшырап отыр. Жерге мониторинг жүргізудің нәтижесі мынадай: республика бойынша барлық егістік жерлердің (24,2 млн. гектар) 16,3 млн. гектарының сапасы жақсы болса, 2,0 млн. гектары - тұзды, 2,5 млн. гектары - сортаңданған екен. Ал жел және су эрозиясына бейім жерлер - 1,6 млн. гектарды құрайды, 1,3 млн. гектар аумақ - қиыршық тастақталған және 0,4 млн. гектар жер шамадан тыс ылғалданған болып отыр. Алаңдайтын тағы бір мәселе - жыл сайынғы топырақ құнарының жоғалуына қатысты болып отыр. Атап айтсақ, Соңғы он жылда 17,7 млн. гектар егістік жерге жүргізілген агрохимиялық зерттеу нәтижесі бойынша республиканың суарылмайтын егістігіндегі қарашірігі төмен аумақтар 60 пайызды, ал суармалы егістік бойынша олардың көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр. Соңғы жылдары жерді тыңайту мүлдем назардан тыс қалған. Мәселен, 1990 жылы 1 гектар егістікке жұмсалатын тыңайтқыш мөлшері 19 келіні құраса, бұл көрсеткіш 2000 жылы - 0,7 келіні құрап, 2010 жылға қарай әупірімдеп 4,4 келіге жеткен.

Ал халықтың тұрмысы шаруашылыққа байлаулы болып саналатын көбінесе оңтүстік өңірге тән суармалы жердің жайы ше? Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов соңғы жылдары республикадағы суармалы жерлердің жағдайы сын көтермейтін деңгейге құлдырағанын айтады. Мәселен, оның сөзіне қарағанда 2010 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға азайса, 575 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Пайдаланылымдағы суармалы жерлердің өзі көп күтімге зәру. Өйткені, қарапайым шаруаның қалтасы көтермей, соның салдарынан суармалы жердегі су және кәріздік жүйелері уақытылы тазаланбай ұйық басып, жердің сорлануына, тұздануына және өнімділігінің төмендеуіне әкеліп отыр. «Суармалы жерлердің ауыспалы егіс жүйесінде жем-шөп дақылдарының көлемі ғылыми негізделген 32 пайыздың орнына 11,8 пайызды ғана құрайды. Сондықтан, бұл жерлерде аса бағалы, жоғары белокты жем-шөп дақылдарының көлемін 2-2,5 есеге ұлғайту керек. Ал ондай ұлғайту тек пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы ғана іске асырылады. Ол үшін суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға тиісті көлемде субсидиялар мен несиелер берілуі керек. Жем-шөп дақылдарының көлемін ұлғайту, тұқым шаруашылығын дамытуды, оның көлемін 2-3 есеге көбейтуді керек етеді», - дейді сенатор.

Міне, еліміздегі суармалы жерлердің жағдайы осындай. Мал өніміне тікелей ықпал ететін табиғи жайылымдардың хәлі де мақтанарлық деңгейде емес. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 182 млн. гектар табиғи жайылымның 70 млн. гектары немесе 38 пайызы ғана пайдаланып келеді екен. Бұл көрсеткіш 1990 жылмен салыстырғанда екі есеге аз. Бұдан бөлек, қолданыстағы жайылымдардың жартысынан көбі, малдың санының көптігінен, оның бір аумаққа ұзақ шоғырлануынан жұтаңдап, істен шыға бастаған. Алдағы уақытта саны онан сайын күрт өсетін мал басын жайылыммен толық қамтамасыз ету үшін жыл сайын миллиондаған гектар табиғи жайылымды игеру қажет етілетін көрінеді. Сондықтан да, сенатор Қ. Айтаханов елімізде мал өнімі бағасын арзандату және етті экспорттау көлемін арттыру үшін негізгі бес мәселеге назар аудару қажеттігін алға тартады. «Біріншіден, жемдік астық дақылдарын өндіруге басымдық беріп, Үкімет тарапынан қолдау көрсету. Мемлекеттік жемдік астық қоры жасақталса игі. Екіншіден, жоғары белокты, қажетті амин қышқылдары бар, сапалы жемшөп дақылдарын өсіру үшін суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қажетті субсидия беру жүзеге асуы шарт. Үшіншіден, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға ендіріп, жем-шөп дақылдарының көлемін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеңілдетілген, ұзақ мерзімді несие беру шешімін тапқаны абзал. Төртіншіден, мал өнімдерінің өзіндік құнының 40-45 пайызын мал азығы құрайтынын ескере отырып, оның көлемі мен сапасын арттыру қажет. Осы мақсатта жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығы мен құрама жем өндірісін дамытуға бағытталған ынталандыру шараларын қарастыру керек. Бесіншіден, еліміздегі табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, мал басын және оның өнімділігін арттыру үшін мал жайылымдарын суландыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалса игі. Суармалы жерлерге арнайы ұңғымалар мен құдық, тағы басқа суландыру жүйелерін енгізгеннен ұтар көп», - дейді Қ. Айтаханов.

Мамандар тарапынан көтерілген тағы бір назар аударарлық мәселе - жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру. Ресми мәліметке жүгінсек, былтыр күздегі дерек бойынша елімізде 207,9 мың шаруа және фермер қожа­лықтары, 6,1 мың ак­цио­нерлік қо­ғам­дар немесе шаруа серіктестікте­рі, 1,3 мың өндірістік ко­оператив­те­рі жұмыс істеуде. Олар­дың иелік­те­ріне барлық ауыл шар­уашылығы жерлерінің 98,4 пайызы беріліпті. Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков те жердің тиімді пайдаланылмай отырғанына алаңдаушылық білдіреді. «Өкінішке қарай, соңғы 15 жылда ауыл шаруашылығы саласын­да бас­ты назар жердің құқықтық мә­нісіне, яғни меншік мәселесіне қа­рай ойы­сып кетті. Кеңес одағы ыдырағаннан соң сол жүйеде қалған ұжым­шар, кеңшар жерлерін тарату­ға көп көңіл бөлініп, жер сапасы жағ­дайына мән берілмеді. Әсіресе, жер­ді тиімді пайдаланудың бірден-бір құрамдас бөлігі сана­латын ішкі шаруашылықты дұрыс жерлерге ор­­на­ластыру жобалары ұдайы ке­йінге шегеріліп келді. Он­дай жоба­ны жасауға бюд­жет­тен соңғы 15 жылда бір тиын да қарастырылмады. Атал­ған мәселені шешу жерді тиімді пай­далануға өз септігін тигізер еді», - деді кешегі Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков.

Жердің тиімсіз немесе мақсатқа сай пайда­лану мәселесіне келгенде агенттік төра­ғасы, әсіресе, жайылым мен шабын­дықтың да салақтықтан «тоза» бастағанын алға тар­тады. Осылайша тозығы жеткен жерлер біртіндеп жарамсыздыққа ұшырап, «тастанды жерге» айналып та жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, мамандар жердің құнарлылығы жоғалып бара жатқанымен қоса, оны тиімді пайдалану мәселелері әлі де қажетті деңгейде шешілмей жатқанына назар аудартады. Сондықтан да, Елбасы Жолдауында жүктелген ауыл шаруашылығындағы еңбек­тің өнімділігін арттыруды қолға алмастан бұрын, алдымен мамандардың жердің жай-күйіне қатысты алаңдаушылығын назарға алған маңызды болатыны сөзсіз.