Малидегі шиеленіс: Қорғаныс министрі қаза тауып, ірі шайқастар жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Малиде қарулы топтардың жаппай шабуылдарынан кейін жағдай күрт ушығып, елдің қорғаныс министрі Садио Камараның қаза тапқаны хабарланды, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Военные Мали сообщили об атаках террористов на казармы и базы
Фото: aa.com.tr

Ақпаратқа сәйкес, жарылыс 26 сәуір күні астана Бамакоға жақын Кати қаласында болған. Салдарынан Садио Камара, оның отбасы мүшелерімен бірге көз жұмған.

25 сәуірден басталған қақтығыстар елдің бірнеше өңірінде, соның ішінде Гао, Севарэ және Кидаль қалаларында жалғасып жатыр. Билік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдегенімен, ұрыс қимылдары тоқтаған жоқ.

Шабуылдарды туарег көтерілісшілері мен «әл-Каидамен» байланысы бар JNIM тобы бірлесіп жасағаны айтылуда. Сонымен қатар туарегтердің Азавадты азат ету фронты Кидаль қаласын бақылауға алғанын мәлімдеді.

Кейбір деректерде Малидегі ресейлік күштердің бір бөлігі Кидальдан шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ ресми расталмаған мәліметтер бойынша, ресейлік «Африка корпусының» тікұшағы атып түсірілген болуы мүмкін.

Еуропалық одақ пен БҰҰ Малидегі шабуылдарды қатаң айыптады. Кая Каллас терроризмге қарсы күресті жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Ал Антониу Гутерриш өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық қолдауды күшейтуге шақырды.

Айта кетейік, Малиде 2021 жылдан бері әскери хунта билік жүргізіп келеді. Елде қауіпсіздік жағдайы әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр.