Мальта маусым айында Палестинаның тәуелсіздігін мойындайды
АСТАНА. KAZINFORM — Мальта премьер-министрі Роберт Абела өз елі жақын арада Палестинаның тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Times of Malta.

Мальтада Палестина елшісі бар және бұл ел 2024 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының Палестина мемлекетінің ұйымға толыққанды мүше болу құқығын мойындайтын қарарын қолдады, бірақ Палестина мемлекетін ресми түрде тану туралы әлі жариялаған жоқ.
Абеланың айтуынша, тиісті мәлімдеме 20 маусымда БҰҰ-ның қолдауымен Сауд Арабиясы мен Франция ұйымдастыратын халықаралық конференцияда жарияланады. Мальта өкілдері конференцияда өз елдерінің Палестинаны мойындайтын жалғыз ел болмайтынын айтты.
Axiosтың жазуынша, Франция да маусым айында Палестинаның тәуелсіздігін мойындауды жоспарлап отыр. Франция президенті Эммануэль Макрон 2025 жылдың сәуірінде France 5 арнасына берген сұхбатында мұндай мәлімдемені «таяу айларда» жасауды жоспарлап отырғанын айтты. ХАМАС тобы сол кезде Францияның Палестинаны тану шешімін «маңызды қадам» деп атаса, Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар «жалған мемлекетті» мойындауды айыптап, оны «терроризм үшін сыйлық» деп атады.
2024 жылы Норвегия, Ирландия, Испания, Словения және Армения Палестинаның тәуелсіздігін мойындағанын жариялаған болатын.
Еске сала кетейік, Израиль Газа секторына барлық тұрақты әскери бригадаларын кіргізді.