Мамандығымды жақсы көремін – Қазақстандағы жалғыз антрополог әйел
– Күлән Бекетайқызы, сізді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз?
– Мен 1952 жылы 7 сәуір күні Алматы облысы, Қапал ауданы, қазіргі ( Ақсу ауданы) Қоңыр ауылында дүниеге келдім. 1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика университетінің (қазіргі ҚазҰПУ) жаратылыстану факультетін тәмамдадым. Мамандығым - биология пәнінің мұғалімі. 1980-1982 жылдары Мәсекеудегі КСРО Ғылым академиясының этнология және антропология институтында екі жылдық тағылымдамадан өтім.

Ал 1984 жылы сол жерге аспирантураға оқуға түстім. Жалпы бұл кезде КСРО-ның антропологиялық мектебі, оның зерттеу тереңдігі мен ауқымы жағынан әлемде алдыңғы орында еді, сондықтан шетелден келіп білім алушы ғалымдар көп болатын.
1987 жылы сол институтта «Дерматоглифика және одонтология бойынша Батыс Қазақстан халқының антропологиялық құрамы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Ұлым бар. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ливерпуль университетінде молекулалық медицинаны PhD оқып жатыр.
– Неліктен осы мамандықты таңдадыңыз?
– Еңбек жолым Тарих және этнология институтының антропология зертханасында басталды. Мен өз мамандығымды жақсы көремін, сондықтан осы ғылымда 50 жыл еңбек етіп келемін.
– Антропология дегеніміз не? Мұндай мамандық иесінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Антропология (грекше antropos - адам) – адам туралы ғылым. Ол адамның шыққан тегін және оның барлық кезеңде бірдей даму типін зерттейді. Антропология адам тарихымен байланысты, жер қоймасынан табылған заттарды зерттейді. Этнография халықтың тұрмысы мен мәдениет ерекшеліктерін, олардың шығу тегін, таралу жолдарын және мәдени тарихи қарым-қатынасын да анықтайды.


Кез келген мамандық адалдықты, сүйіспеншілікті, зейінділікті, білімділікті қажет етеді.
– Біздің білуімізше, сіз Қазақстандағы жалғыз әйел антропологсыз. Сіздіңше, бұл мамандықты таңдайтындар неге аз?
– Қазақстан аумағында антропологияның барлық бөлімдерінде жан-жақты антропологиялық зерттеу жүргізілді, бұл соматология – бет морфологиясын, одонтология – тістердің морфологиясын, дерматоглифика – алақан мен саусақтардың тері үлгілерін зерттейді. Ал, серология қан тобын зерттейді.
Мен одонтология және дерматоглифика саласының маманымын. Иә, дұрыс айтасыз бұл бөлім бойынша Қазақстандағы жалғыз әйелмін. Сіз бұл мамандыққа неліктен аз адам барады деп сұрадыңыз, өйткені бұл мамандық Мәскеудегі М. В. Ломоносов атындағы ММУ-нің биология факультетінде оқытылады. Антропологияға қызығушылық танытқандар осы университетке түседі.
– Жұмысыңыздағы қызықты және әсерлі сәттер туралы айтып беріңізші.
– Негізінен таңғажайыптар антропологиялық материалдарды өңдеу кезінде болады, мысалы, тіс іздерін немесе алақан іздерін талдау кезінде өте сирек үлгілер кездеседі. Бұл- ғылыми қызығушылыққа күш береді. Одан әрі ізденуге талпындырады.
– Қандай экспедицияларға қатыстыңыз?
– 1972 жылдан бастап барлық антропологиялық экспедицияларға қатыстым. Бұл Қазақстанның барлық аймақтары (солтүстік, шығыс, оңтүстік, батыс). Экспедиция барысында Қазақстан аумағынан және оған жақын орналасқан Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия аумақтарынан одонтологиялық, дерматоглифтік және серологиялық материалдар жинадым.
– Қандай ғылыми жұмыстарыңыз бар?
– Мен 1991 жылы «Ғылым» баспасынан шыққа «Қазақстанның этникалық одонтологиясы» (орыс тілінде) атты үш монография авторларының бірімін. Сонымен қатар, «Алтай қазақтары (тарихи-антропологиялық зерттеулер)» (қазақ тілінде), «Қазақтардың этникалық дерматоглификасы» (орыс тілінде) шыққан ғылыми жұмыстардың авторымын. 1991 жылы «Қазақстанның этникалық одонтологиясы» монографиясы үшін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атандым.
– Мемлекеттік музейде антропология залын ашу идеясы туралы айтып беріңізші.
– ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2007 жылы «Антропология музейі» экспозициялық кешені ашылды. Оның салтанатты ашылуы 2007 жылдың 18 мамыр күні - Халықаралық музейлер күні қарсаңында өтті. Залдағы экспозициялар көркемдігімен, жаңашылдығымен адамға өте ерекше әсер қалдыруымен ерекшеленеді. Залда Қазақстан тарихының этно-рассогентикалық үрдісін көрсететін антропологиялық, археологиялық экспонаттар қойылған.
Зал экспозициясы үш бөлімнен тұрады:
– біріншісінде адамның даму эволюциясының сызбанұсқасы, тарихи мекен еткен жері, үлкен үш расаның классификациясы берілген;
– екінші бөлімде адам эволюциясының даму сатылары мен олардың физикалық типінің қалыптасуы, көне заман адамдарының әлемге таралуы көрсетілген;
– үшінші бөлімде андронов мәдениетінен бастап қазіргі заманға дейінгі адамдардың антропологиялық мүсіні және Антропология музейі қазіргі қазақтардың тіс морфологиясы, алақан және саусақ бедерлері, қан топтары бойынша экспозициялар қойылған.
Экспозицияда көрсетілген Еуразияның далалы аймақтары тұрғындарына тән антропологиялық типтер түрлі тарихи кезеңдердегі расалық типтерді сипаттайды.
– Қазіргі уақытта қандай жобамен айналысып жатырсыз?
– Қазіргі уақытта музей қорындағы палеоантропологиялық материалдар бойынша «Қазақстан халқының этноодонтологиялық аспектілері» тақырыбымен жұмыс істеп жатырмын. Мен жобаларға қатыспаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!