Маминге Петропавл әуежайының жаңа терминалы көрсетілді

Әзірге ұшақтар Петропавл халықаралық әуежайынан Астанаға аптасына екі рет қана ұшады. Желтоқсан айының ортасында Алматыға рейс ашылады деп күтілуде. Келесі жылы «Мәскеу-Петропавл-Мәскеу» әуе бағыты жоспарда бар. «Терминалды қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Оның технологиялық жабдықтары толық ауыстырылды. Жөндеу жұмыстарынан кейін әуежай азаматтық авиацияның халықаралық стандарттарына сай болады. Ұшу-қону жолақтары мен терминалды жөндеу жұмыстары үшін республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген», - деді «Петропавл қаласының халықаралық әуежайы» АҚ директоры Марат Хасенов.
Оның айтуынша, Астана мен Алматыға рейстерді мемлекет субсидиялайды. Елордаға дейінгі билет құны 10 мың теңгені құрайды, ал Алматыға - 18,5 мың теңге.
«Мұнаймаш» зауытында Асқар Мамин Қазақстан кен орындарынан мұнай өндіретін ұңғымалық штангілі сорғылар өндірісімен танысты. Кәсіпорынның жоспарлық қуаты - жылына 10 мың сорғы. «Зауыт Қазақстан нарығының шамамен 80% қамтиды. ТМД елдері нарығына шығуға да тырысып жатырмыз. Сонымен бірге, біз «Қазақстан темір жолы» АҚ бірлесіп, тербелістерді бәсеңдеткіш шығарып жатырмыз. 2019 жылға дейін ұзақ мерзімді келісімшарт бекіттік. Бұл біз үшін жаңа бағыт. Кез келген жұмысқа кірісуге дайынбыз», - деді «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы Спартак Пушкарев.
Зауыттың тапсырыстар пакеті 2,5 млрд теңгені құрайды. Спартак Пушкаревтің айтуынша, бұл сома өткен жылдан бері бір деңгейде сақтаулы тұр. Қазір зауыт 90% және екі ауысымда жұмыс істейді. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Green Park» демалыс аймағына бару жоспарланған. Мұнда облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов өңірдегі туристік саланың дамуы туралы айтып беруі деп күтілуде. Сонымен бірге, Қызылжар ауданындағы «Радуга» ЖШС-на бару да жоспарланып отыр.