Мамырдан кейін ҰБТ-да бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысты сауалдарға жауап берді. 

Мамырдан кейін ҰБТ-да бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Оның айтуынша, талапкерлер өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін жеке кабинет арқылы бейіндік пәндерді өзгерте алады. Алайда бұл мүмкіндік барлық кезеңде бірдей қарастырылмаған.

— Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ кезінде талапкерлер бейіндік пәндерін өзгерте алады. Ал мамыр-шілде айларындағы негізгі ҰБТ тапсыру барысында бірінші мүмкіндіктен кейін бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды. Мысалы, талапкер алғашқы мүмкіндікте математика-информатика комбинациясын таңдаса, екінші мүмкіндікте оны өзгерте алмайды. Ал қаңтарда химия-биология комбинациясымен тапсырып, наурызда математика-информатика пәндерін таңдауға болады, — деді ол.

Сондай-ақ спикер ҰБТ сертификатының жарамдылық мерзіміне тоқталды.

— 2026 жылы берілген ҰБТ сертификаты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды, яғни сертификат тест тапсырылған жылдың соңына дейін ғана қолданылады, — деп нақтылады Наужан Дидарбекова.

Бұдан бөлек, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған талапкерлердің негізгі тестілеуге қатысуына бұл жағдай әсер етпейтіні айтылды.

— Әрбір ҰБТ-ға тіркелу жеке жүргізіледі. Қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларындағы тестілеулердің нәтижелері бір-біріне әсер етпейді. Әр тестілеу қорытындысы бойынша жеке сертификат беріледі, — деді ведомство өкілі.

Бұған дейін 2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 184 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тапсырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум