МӘМС бойынша медициналық қызмет жекеменшік клиникаларда да қолжетімді: оны қалай алуға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында астаналық тұрғындар медициналық көмекті тек мемлекеттік емес, сондай-ақ жекеменшік клиникалардан да ала алады. Бұл мүмкіндік МӘМС енгізілген сәттен бастап көзделген, деп жазды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Қордың мәліметінше, тіркелген емхана пациентке МӘМС аясында қызмет көрсететін кез келген клиникаға жолдама бере алады. Бұл жағдайда пациент медициналық қызмет үшін ақы төлемейді, себебі қаржыландыру әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жүргізіледі.
Егер тіркелген емханада қажетті бейінді маман болмаса немесе диагностика үшін тиісті жабдық жетіспесе, пациент басқа клиникаға жолданады. Мысалы, кейбір учаскелік емханаларда тіркелген тұрғындар санының аздығына байланысты аясы тар бейінді дәрігерлер болмайды немесе УДЗ не рентген аппараты жоқ. Мұндай жағдайда пациенттер олармен келісім бойынша жұмыс істейтін клиникаларға жіберіледі.
Сонымен қатар емханада маман немесе жабдық болғанымен, жазылу бірнеше айға толып кеткен жағдайда да осы тетік қолданылады. Дәрігер еңбек демалысына шыққан немесе аппарат уақытша істен шыққан кезде де пациент басқа клиникаға, оның ішінде жекеменшікке жолдама сұрай алады. Пациентті тек қордың жеткізушілер базасына кіретін жекеменшік клиникаға ғана жолдауға болады. Тіркелген емхананың бұл клиникамен алдын ала бірлесіп орындаушылық келісімінің болуы міндетті емес, жолдама берілген сәтте ақпараттық жүйеде келісім автоматты түрде жасалады.
Жекеменшік клиникаларда пациенттер консультативтік және диагностикалық қызметтермен қатар, күндізгі немесе тәулік бойы стационарларда ем алуына, сондай-ақ МӘМС пакетіне кіретін операцияларды жасауына мүмкіндік бар.
Мұндай жағдайда ол өзінің емханасындағы науқастарды қолдау және ішкі сараптама қызметіне шағымдана алады. Оң шешім болмаған жағдайда қорға ресми өтініш жолдап, тексеріс жүргізуді сұрау құқығы бар.
Қордың мәліметінше, кез келген консультативтік немесе диагностикалық қызметті науқасқа тек емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол пациенттің жағдайын бағалап, шағымдары мен симптомдарын зерттегеннен кейін ғана тиісті көрсеткіштер болғанда жолдама береді.
Еске сала кетейік, МӘМС бойынша қызмет алу үшін азамат сақтандырылған болуы тиіс.
Бұған дейін министр Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесінің басты нәтижелерін атаған еді.
2026 жылы МӘМС деректерін беретін мемлекеттік органдардың тізімі жаңартылады.