МӘМС қорының комиссиялық сыйақысы ұлғайтылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың 2026 жылға арналған комиссиялық сыйақы мөлшерлемесін арттырды. 

МӘМС қорының комиссиялық сыйақысы ұлғайтылды
Коллаж: Kazinform/ Canva

Құжатқа сәйкес, Қордың комиссиялық сыйақысы есепті айда шотқа түскен активтер көлемінен 1,09%-дан 1,21%-ға дейін ұлғайтылды.

Бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады. 

Осыған дейін Қор басқарма төрайымы Гүлмира Сабденбек Qalqan платформасын дамыту қажеттігін түсіндірген болатын. Оның айтуынша, бұл жобаға қосымша қаржы қажет емес.

– Qalqan бөлек жаңа жүйе ретінде құрылмайды. Бұл Қордың қолданыстағы цифрлық инфрақұрылымын жетілдіріп, оны Қаржы министрлігінде қолданылып жүрген заманауи технологиялық платформаға көшіруді көздейді, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Qalqan арқылы медицина сапасы мен қаржыландыру толық бақылауға алынатынын айтқан еді.