Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

МӘМС төрағасы қаржы жымқыру мәселесіне қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі аптаның басында 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемаларын анықтаған еді.  

МӘМС пен Шипагер
Коллаж: Kazinform/Freepik

Осыған қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы әлеуметтік желіде Гүлмира Сәбденбек пікір білдірген.

Оның айтуынша Құқық қорғау органдары тергеп жатқан қазіргі эпизодтар жүйенің бұрынғы жұмыс кезеңдеріне (2024-2025 жж.) қатысты. Материалдардың едәуір бөлігін қордың өзі бақылау іс-шаралары барысында анықтап, процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолдаған.

— Соңғы күндері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қатысты өткір пікір мен айыптаулар жиі айтылып жүр. Миллиондаған азаматтың қаражаты туралы сөз болғандықтан, қоғамның назар аударып, толық ашықтықты талап етуі — заңды құбылыс.

Сонымен қатар барлық мән-жайды ескеру маңызды. Қазіргі таңда тергеліп жатқан эпизодтардың едәуір бөлігі қордың бақылау жұмыстары барысында анықталып, кейін материалдар құқық қорғау органдарына жолданған, — деді ол.

Заң бұзу іс жүзінде көрсетілмеген медициналық көмекті көрсету, қызмет көлемдерін қосып жазу, азаматтарды жалған бекіту, пациенттердің дербес деректерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ МӘМС қаражатын заңсыз алудың басқа да схемаларымен байланысты.

— 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қор жалпы сомасы 4,5 млрд теңге болатын заң бұзу жөніндегі 72 материалды құқық қорғау органдарына жолдады. Оларды қарау нәтижесінде 27 қылмыстық іс тіркеліп, олар бойынша келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 3,7 млрд теңге. Салыстыру үшін, 2025 жылдың толық кезеңінде 630 млн теңге сомасына 73 материал жолданып, олар бойынша 8 қылмыстық іс тіркелген, — делінген қор хабарламасында.

Қордың мәліметінше бұл ретте анықталған заң бұзу көлемінің артуы теріс пайдалану фактілерінің көбейгенін емес, қордың бақылау функциясының сапалы күшейгенін, талдамалық құралдардың жетілдірілгенін және әрбір анықталған фактіні құқықтық баға беруге дейін жеткізу жұмысының күшейгенін көрсетеді.

Құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтумен қатар, қор қаржылық бақылау жұмыстарына өзгеріс енгізіп жатыр.

— Егер бұрын заң бұзуды анықтау кезіндегі негізгі жұмыс қаражат аударылғаннан кейін орындалса, жаңа модель алдын алу шараларын медициналық ұйымға төлем жүргізгенге дейін орындауды көздейді.

Қордың даму стратегиясын іске асыру шеңберінде Qalqan IT-платформасын, автоматтандырылған антифрод жүйесін және деректерді талдаудың тәуекелге бағдарланған алгоритмдерін қамтитын қаржылық бақылаудың бірыңғай цифрлық экожүйесі енгізіліп жатыр.

Жаңа цифрлық құралдар нақты уақыт режимінде медициналық көмектің қалыптан тыс көлемдерін, жаппай негізсіз жазбаларды, медициналық қызмет жеткізушілердің жалған қызмет белгілерін, көрсетілген қызметтер көлемін жасанды түрде ұлғайтуды және басқа да тәуекел сценарийлерін анықтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Жаңа модельдің маңызды элементі қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту болмақ. Әрбір азамат өзінің атына тіркелген медициналық қызметтерді жедел тексеріп, іс жүзінде мұндай көмек көрсетілмеген жағдайлар туралы хабарлай алады.

Мұндай өтініштер тексерулер жүргізуге арналған тәуекел индикаторларының қосымша көзі ретінде пайдаланылды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Гүлмира Сәбденбек бақылауды күшейту бір реттік науқан емес, денсаулық сақтаудағы қаржылық басқарудың жүйелі реформасы екенін атап өтті.

— Қор бақылау тәсілін түбегейлі өзгертуге бет бұрды.  Заң бұзуды кейін анықтаудың орнына оларды алдын алу шараларын қолға аламыз. Біздің мақсатымыз медициналық ұйымдарға қаражат аударылғанға дейін негізсіз төлемдердің жасалуына жол бермеу. Бұл әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, азаматтардың МӘМС жүйесіне сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Гүлмира Сәбденбек.

Бүгінгі күні 5,5 млн астам қазақстандық МӘМС жарнасын төлеп, аударым жасайды. Жаңа бақылау жүйесі олардың әрқайсысына МӘМС қаражаты тек нақты көрсетілген медициналық көмекке жұмсалып, мақсатты бағытта пайдаланғанына қатаң бақылау жасалғанына сенімді болуға мүмкіндік береді.