МӘМС жүйесінде қаржылық бақылаудың жаңа моделі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – МӘМС-те 4 млрд теңге негізсіз төлемдердің алды алынды, жекеменшік мектептерді қаржыландыруда 8 млрд теңге үнемделді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық құралдарды қолдана отырып, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет қаржылық тәртіпті күшейтуге және негізсіз төлемдерді қысқартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылдады.
Әлеуметтік салада бұрын медициналық көмек пен жеке білім беруді қаржыландыру тәсілдері қайта қаралды, мәселен, цифрлық құралдар қаражатты аударғанға дейін бұзушылықтарды анықтауға, қолмен есептеулерді алып тастауға және бюджетті нақты көрсетілген қызметтерге бағыттауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік шығыстардың көлемі ғана емес, бюджет қаражатын басқару тәсілінің өзі де өзгеруде – тәуекелдер мен ықтимал заңбұзушылықтар төлемдер жүргізілгеннен кейін емес, бюджет қаражатын аударғанға дейін де анықталуда. Алдын алу тетіктері енгізілуде, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері біріктірілуде, есептеулер мен тексеру рәсімдері цифрлық форматқа ауыстырылуда.
Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде елеулі қаржылық әсер беріп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында антифрод-тетіктер төлемдер жүргізілгенге дейін 4 млрд теңгеден астам сомаға ақауларды анықтады. Жеке мектептерді қаржыландыруда қолмен есептеу тәсілдерін алып тастау және ашық цифрлық құралдарға көшу есебінен 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында бюджетті үнемдеу 8 млрд теңге болды.
МӘМС реформасы: негізсіз төлемдердің төлем жасалғанға дейін алды алынды
2026 жылғы қаңтарда МӘМС қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) ҚР Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.
Президенттің МӘМС жүйесін трансформациялау жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде ақпан айында жинақталған қаржылық және басқарушылық теңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған реформаны жүзеге асыру басталды. Қаржылық тәртіпті арттыруға және бірыңғай цифрлық контуры бар басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Негізгі өзгерістердің бірі кейінгі бақылаудан негізсіз төлемдер жүзеге асырылғанға дейін олардың алдын алуға көшу болды.
Мысалы, егер бұрын төлемдерді тексеру фактіден кейін, яғни, ақша кеткеннен кейін жүргізілсе, қазір негізсіз төлемдердің төлем жасалғанға дейін алды алынады. Нәтижесінде, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында антифрод жүйесі медициналық ұйымдарға тиісті қаражат аударылғанға дейін 4 млрд теңгеден астам сомаға ақауларды анықтады.
Астана қаласында пилоттық жоба ретіде Qalqan жаңа цифрлық платформасы арқылы медициналық көмектің жекелеген түрлері бойынша ақы төлеу
Сонымен қатар, қаржыландыру мен деректерді басқару моделінің өзі де өзгеруде. Жоспарлау мен сатып алудан бастап медициналық көмекті бақылау мен төлеуге дейінгі бүкіл цикл Qalqan платформасында бірыңғай цифрлық контурға біріктіріледі.
Қазір 207 клиника базасында пилоттық апробацияда платформа арқылы медициналық көмектің 92 түрінің 20-сы бойынша төлем жүзеге асырылуда, тағы 60 түрі бойынша сынақтан өтуде. Жыл соңына дейін барлық жария етілген көмек түрін өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда.
Бұл ретте Qalqan қаржылық бақылау құралы ғана емес, платформа өзінің қаржылық жағдайын басқару бойынша медициналық ұйымдарға көмек көрсетуге, оның ішінде созылмалы кредиторлық берешекті азайтуға, сондай-ақ дәрігерлерге әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Бұл ретте өзгерістер цифрландырумен және бақылауды күшейтумен шектелмейді. Қордың жұмыс моделі қайта құрылуда. Енді фокус өзгеруде: шығындарды бақылаудан қаржыландыру тиімділігіне және медициналық көмектің нәтижесіне дейін қамтылған.
Бұл ӘМСҚ көрсетілген қызметтердің көлемі мен құнын ғана емес, сонымен қатар пациент жіберілген қаражат үшін қандай нәтиже алатынын да бағалайтынын білдіреді.
QR кодтар және eGov Mobile арқылы қызметтерді бақылау
Цифрландыру пациенттің рөлін де өзгертуде. Ол пассивті медициналық көмек алушыдан мемлекет пен ӘМСҚ-ның оның атынан төлейтін қызметтерді бақылауға қатыса алады.
Бұл шешімдердің бір бөлігі қазірдің өзінде жұмыс істей бастады: бүгінде пациент eGov Mobile-да QR-код арқылы медициналық ұйымға бару фактісін растай алады, болашақта бұл қызмет екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларында іске қосылады.
Келесі кезең пациенттің электрондық қаржылық паспорты жөнінде болмақ, онда ол үшін көрсетілген және төленген медициналық көмек туралы ақпарат қолжетімді болады.
Осылайша, МӘМС трансформациясы қызметтер көлемі мен құнын қарапайым бақылаудан қаржыландырудың тиімділігін және медициналық көмектің түпкілікті нәтижесін бағалауға көшуді көздейді.
Қазіргі уақытта МӘМС жүйесін реформалаудың қаржылық тәртіпке, ашықтығы мен басқарылуына бағытталған бірінші кезеңі аяқталды.
2026 жылдың екінші жартыжылдығында Қор қайта құрудан жаңа модельдің механизмдерін кең ауқымда таратуға көшеді. Келесі кезеңнің міндеті барлық енгізілген өзгерістерді нақты нәтижеге айналдыру:
науқас үшін — қолжетімді және тиімді медициналық көмек,
дәрігер үшін — түсінікті ережелер және қаржыландырудың әділ моделі.
Бұл барлық өзгерістердің тиімділігінің негізгі критерийі — пациент пен дәрігер үшін әсері.
Айта кетелік 140 мың адамды медициналық ұйымдарға жалған тіркеген: сақтандыру қорынан қаржы жымқырғандар ұсталған еді.