МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыруға не кедергі

Кейінгі кезде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің нақты нәтижесі байқалмай жатқаны жиі айтылып жүр. МӘМС жүйесін енгізген кезде, бұл модель көрсетілетін медициналық қызметтің тізімін кеңейтуді және оны әр азамат өзі қалаған жерде, кез келген уақытта алуы мүмкіндігін қамтамасыз етілетіні айтылған-ды. Осылайша «ақша пациенттің соңынан ереді» қағидаты орындалуы керек еді. Алайда нақты нәтиже жоспардағыдай болмады...

мәмс
Фото: total.kz

Елімізде 3,3 млн адам медициналық сақтандырудан тыс қалған

Жақында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында палата төрағасының орынбасары Дания Еспаева осы мәселеге ерекше тоқталды. Депутаттардың халықпен кездесуінде медициналық қызметтердің сапасына қатысты көптеген шағым түсіп жатқанын айтады.

«Бұл ретте, адамдар емханаларда ұзын-сонар кезек бар екенін үнемі айтып жүр. Ал нақты дәрігер маманға жазылу үшін бірнеше апта, тіпті айлап күту керек. Кейбір жағдайда дәрігерге уақытында жете алмай, ақылы қызметке жүгініп, артық шығынға тап болады. Осының салдарынан тұрғындар «сақтандыру жарнасын не үшін төлейміз? Оның қандай артықшылығы бар?» деген сұрақтарды жаудырып жатыр. Адамдардың көбісі сақтандыру жүйесінде болмағандықтан, оларға жекеленген қызметтер көрсетілмейді. Қазір шұғыл медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр 3 млн астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Бұл өз кезегінде аурудың асқынуына алып келеді», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2015-2019 жылдар ішінде елімізде денсаулық сақтау шығындары үнемі өсіп отырды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгенге дейін 2020 жылы денсаулық сақтау саласында қаржыландыру тапшылығы болды. Бұл тапшылықтың пайда болуына халық санының 15% өсуі, созылмалы инфекциялық емес ауруларға шалдығудың 2,5 есеге артуы әсер етті, сондай-ақ қымбат тұратын медициналық көмекті алу мүмкіндігі төмендеді.

«Жағдайды ескере отырып, барлық әлеуметтік серіктестердің: мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар осы проблемаларды жеңілдету әрі денсаулық сақтаудың тиімді, сондай-ақ қаржылық тұрақты жүйесін құру үшін күш-жігерін біріктіру қажет болды», - деді министр.

Мәселен, дамыған елдерде, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде денсаулық сақтаудың қазіргі шығындары жалпы ішкі өнімнің шамамен 10,2 пайызын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы экономикасы дамушы елдерде медицина жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жалпы ішкі өнімнің 5 пайыздан 8 пайызға дейінгі көлемін жұмсауды ұсынды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде денсаулық сақтауға арналған қалта шығындары жалпы шығындардың орта есеппен 17 пайызын құраған.

«Ал Қазақстанда оның көлемі 31 пайыз шамасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыздан аспауы тиіс. Әлем бойынша елдердегі жарналар мен аударымдар да түрлі деңгейде. Бұл тұрғыда біздегі жарналар ең төмен саналады, яғни 5 пайыз (жұмыс беруші - 3% және қызметкер табысының - 2%, мемлекеттен - 2-3%)», - деді А. Ғиният.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін құрудың басты мақсаты – қаржыландыруды ұлғайту арқылы медициналық қызметтердің сапасын арттыру. Осы медициналық қызмет үш деңгейлі жүйе бойынша көрсетіледі:

- медициналық қызметтердің базалық тегін пакетін (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) барлық тұрғындар алады;

- МӘМС пакеті тек сақтандырылған тұлғаларға беріледі;

- ерікті медициналық сақтандыру қосымша қызмет алғысы келетіндерге арналған.

«Актуарлық есептеулер негізінде МӘМС енгізудің базалық параметрлері айқындалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңды енгізу кезінде актуарлық есептерді ескере отырып, жүйе орнықты болатын жарналар мөлшерлемелері белгіленді. Алайда, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іске қосылмас бұрын, жарналар мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылданды. Осылайша, мемлекеттің жарналары бастапқы параметрлерден 3,5 есе, жұмыс берушінің аударымдары 1,7 есе, ал жеке кәсіпкерлердің жарнасы 1,4 есе төмендетілді. Осының салдарынан МӘМС енгізгеннен бері жоспарланған 2,9 триллион теңге жүйеге түспеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру базалық параметрлерінің өзгеруіне және пандемияның ықпалына қарамастан, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласына оң әсер етті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жылдарында медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) бойынша көрсетілген қызметтер саны 3,2 есе (2019 жылы 191 293-тен 2022 жылы 605 792-ге дейін) өсті. Бұл ретте еліміздегі жалпы практика дәрігерлерінің саны қалада 18 пайызға және ауылда 8 пайызға артты. Ауылдардағы жылжымалы медициналық кешендер есебінен халықты медициналық көмекпен қамту 2022 жылы 1,6 миллион адам болды – өсім 1,8 есе. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектердің едәуір артуы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың оң нәтижелерінің бірі саналады», - деп түсіндірді министр.

Ажар Ғиният МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енгізу керек екенін айтты. 

«Қазіргі кезде қаржы жүйесі актуарлық есептеулерге сәйкес өсіп келе жатқан шығыстарды еңсере алмағандықтан, қор өз міндеттемелерін болашақта толық орындай алмайды деп болжап отыр. Жүйенің ұзақмерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін келесі қажет шарттарды ескеру қажет. Біріншіден, 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адамды МӘМС жүйесіне енгізу ескерілген», - деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, сонымен қатар табысы төмен әрі ауылда тұратын шамамен 1,5 млн адам бюджеттік қаражат арқылы сақтандырылады. 2026 жылға қарай бұл халықтың кемінде 95 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен көтеру қарастырылған.

«Бұдан басқа, сақтандырылмаған адамдарға денсаулық және осы салаға қатысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеу енгізу ұсынылады. Мәселен, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және басқа да бағыттарда осындай шектеулерді қарастырған жөн деп санаймыз. МӘМС жүйесіне қатысты бюджеттік қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту пысықталып отыр. Осы шарттарды орындаған кезде қордың орнықтылығы сақталады», - деді министр.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың мәліметінше, елімізде 3,3 млн адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Бұл адамдардың басым көпшілігі ауылдарда тұрады. Осы адамдар скрининг, медициналық тексерумен қамтылмай отыр, яғни жыл сайын елімізде әлеуметтік әділетсіздік асып бара жатыр. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тиісті заң 5 жыл бұрын енгізілген кезде, әр азамат міндетті әлеуметтік жүйеге кіруі тиіс екенін айтты.

«Қазір 3 млн астам адам осы жүйеге кірмей отыр. Отбасылық цифрлық карта бойынша жүйеге кімдер енбегенін қарап, талдау жасадық. Бұл тұрғыда осы адамдардың арасында 800 мыңының жағдайы жақсы екені көрініп тұр, яғни баспанасы, тұрақты табысы бар осы адамдар жүйеге кірмей отыр. Бұл ретте, 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырған кезде, оларды тартуға болады», - деді министр.

Бұдан бөлек ол 1,5 млн адамның табысы тым аз және олардың басым бөлігі ауылдарда тұрады.

«Осы адамдарды сақтандыру бюджет есебінен болсын деген ұсыныс енгіздік. Бұл тақырыпты Парламентте, Үкіметте, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарда талқылаймыз. Алдын ала есеп бойынша осы адамдарды қамту үшін 80 млрд теңге қажет болады», - деді ведомство басшысы.

МƏМС-те жоспарланған параметрлер өзгеріп кеткен

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қыруар қаражат түспей қалғанын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те растап отыр. 2020 жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Сол кезде қандай ой болды? Бұл реформа денсаулық саласын тез арада жақсартып, оның сапасын əлдеқайда арттырады деген үміт болды.

«Жылдар өтті, казақстандықтар ай сайын қорға жарнасын төлеп жатыр, бірақ сол үміт ақталды ма? Қызмет сапасы жоспарға сай артты ма? Өңірлерге барғанда, ауруханаларды аралап, сайлаушыларымызбен, эксперттермен, қарапайым дәрігерлермен болған кездесулерден, жүргізген зерттеуімізден түйгеніміз – проблемалар толық шешілмеген. Медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазір қарапайым көмекті алуға зəру болып қалдық», - деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бірінші жəне басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесінің теңгерімсіздігі және форматындағы олқылықтар.

«Менің айтайын дегенім, бастапқыда нақты жəне жан-жақты есептерге сүйенген қаржыландыру моделі жоспарланған еді. Ал іс жүзінде басқа модель енгізілді. Алғашқыда жоспарланған басты параметрлер түбегейлі өзгерген. Соның кесірінен денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, медицина көмекті алу деңгейі төмендеді, тарифтер азайды, кредиторлық берешектер пайда болды», - деді депутат.

Алғашқы теңгерімді форматтан ауытқу келесі төрт бағытта болды:

Біріншіден, МƏМС қорына төленетін жарна бойынша. Қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МƏМС-ке төлейтін жарнасының ставкасы 2% деңгейінде сақталды. Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы, яғни бюджеттен əлеуметтік санаттар үшін МƏМС-ке аударылатын жарна мөлшері бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есеге азайтылды. Осы шешімге байланысты МƏМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеді.

Екіншіден, пандемиямен күрес кезінде МƏМС арқылы атқарылатын қызметтер пакетіне шұғыл медициналық жәрдем, оқушыларға медициналық қызмет көрсету сияқты бюджеттен кепілдендірілген медициналық көмек арқылы төленуі керек шығыстар енгізіліп еткен. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрд жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кетті.

«Үшіншіден, Үкімет жоғарыда айтылған зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Мәселен, заңның 26-бабына сəйкес, бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медианалық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр. Сəйкесінше, бұл заңға қайшы шешімнің кесірінен, тек 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені Қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр. Cонда, үш жылдың өзінде, келесі жылды қосқанда, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспеді», - деп түсіндірді А. Аймағамбетов.

Төртіншіден, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырды. Бұл да МƏМС-те жиналған, қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге болған.

«Жоғарыда көрсетілген шешімдердің нәтижесінде, МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді. Бұған қоса, 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақсаттардан тыс, яғни пандемиямен күрес үшін, әлде ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға жұмсалған. Осының салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсіп отыр. Бұл шешім Қордың да қаржылық тұрақсыздығына әкелді», - деді депутат.

МƏМС идеясының беделі түсіп, тіпті осы жүйеге сенбегендіктен, біршама адам оны жоюды талап етіп отыр. Өкінішке қарай, қазір МƏМС қоры сақтандыру принциптерінің негізіндегі қор орнына, жай ғана қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды.

«Не істеу керек? Бюджеттен МƏМС-ке төленетін жарналар заңға сəйкес орташа жалақы есебінен төленуі тиіс, яғни келесі жылдың бюджетінде МƏМС-ке тағы 275 млрд теңге бөлінуі тиіс. МƏМС қорының қаражатын мемлекеттің тікелей міндеттерін орындау үшін жұмсауға тыйым салу керек. Мемлекеттен əлеуметтік санаттарға төленетін жарна ставкасы қайта қаралуы қажет», - деді А. Аймағамбетов.

Мемлекет басшысының 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жоспарланған қаражат та толығымен бюджеттен бөлінуі тиіс. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін салаға жыл сайын кемінде 500 млрд теңге қосымша қаражат бөлу қажет. Бірақ келесі жылдың бюджет жобасында бұл қаражат əлі жоқ.

«Келесі жүйелі проблема – медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесінің жеткіліксіздігі. Қазір медициналық қызметтердің жоспарлы көлемі халықтың нақты ерекшеліктерін, медициналық көмектің тұтыну көрсеткіштерін, көші-қонды толығымен есепке алмай бөлінеді. Ал енді осы медициналық қызмет көлемін бөлудің нақты жəне түсінікті əдістемесінің, критерийлері мен принциптерінің болмауына байланысты денсаулық сақтау ұйымдары арасында көптеген проблема туындап отыр. Сондықтан қысқа мерзімде медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесін дайындау қажет деп санаймыз. Ол үшін медициналық қызметтерді пайдалану нормаларының əдіснамасын зерттеу арқылы дайындау қажет. Бізде салалық республикалық əдістемелік орталық бар. Сонымен қатар, медициналық университеттер де бар. Олар бір адамды емдеу үшін қанша қаражат керек екені туралы арнайы нормативтерді, қанша төсек-орын, жалпы бір адамға шаққандағы тұтыну нормасын дайындап шығаруы керек деп есептейміз. Міне, сонда ғана ауруханаларға мемлекеттік тапсырыс дұрыс беріледі. Сонда ғана медициналық қызмет мөлшерден көп немесе тіпті атқарылмады деп айтуға негіз болады. Ең біріншіден, зерттеулерге сүйенген осы тұтыну нормативтері болуы тиіс қой?! Бұндай норматив болмайынша, ұзын-сонар кезектерден де, басқа проблемалардан да құтыла алмаймыз», - деді депутат.

Оның пайымдауынша, жоспарлау, ұйымдастыру процесіне облыстардың денсаулық сақтау басқармаларын тарту қажет. Олар қазір бұл функциялардан шеттетіліп, өз бетінше жұмыс істеп жатыр. Асхат Аймағамбетов халықты «шектік» шкаламен емдеудің кемшіліктерін атады. Осы жылдың ақпан айынан барлық медициналық қызметтерге «шектік» шкала енгізілді. «Шектік» шкала дегеніміз – əр медициналық қызмет түрі бойынша, əр емханаға нақты белгіленген квота тəрізді механизм. Бұл əдіс қаражаттың жетіспеуіне байланысты енгізілді. Дайындықсыз қабылданған шешімнің кесірінен, мыңдаған адам уақтылы қызмет ала алмай қалды. Ауруханаға келген науқасқа «шектік» шкала аясында осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек деп түсіндіру де – нонсенс.

«Қаражат жеткіліксіз болғасын Денсаулық сақтау министрлігі осы шкаланы енгізуге мәжбүр болды. Осы тапшылық салдарынан олар бөлінген бюджет қаражаты аясында қызмет көрсетеді. Мәселен, науқастар травматологияға қай кезде баратынын жоспарлай алмайды ғой, тұрғындар кез келген уақытта қол-аяғын зақымдап алуы мүмкін. Алайда бұл ауруханаларға министрлік шекті шкаланы беріп қойған. Осы айда қолы сынған 15 адамға қаражат бөлінеді де, 16-шы адамға қаражат қарастырылмаған. Мұндай шкала дұрыс емес», - деді Асхат Аймағамбетов.

Мұндай «шектік» шкала азаматтарымыздың нақты бір дәрігерге көрінуіне қиындық алып келді.