Мамырда Қазақстанда мұнай өндіру төмендейді - Қанат Бозымбаев
«Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуірінде 28 млн 210 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 107, 5 пайызға жоғары. 4 млн 540 мың тоннаны өңдедік. Мұнай экспорты 23 млн 90 мың тоннаға жетті, яғни былтырмен салыстырғанда 108,6 пайыз»,-деп тоқталды министр.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан ОПЕК-ке ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай өндіру көлемін 2016 жылдың қарашасында тіркелген тәулігіне 1,7 млн баррельден күнінен 20 мың баррель кем өндіруге уәде берген еді.
«Мамыр айында ауа райы жағдайы мен жөндеу жұмыстарына байланысты мұнай өндіру біршама төмендейді деп қарастырып отырмыз, сонымен қатар маусым айында да біршама азаяды. Бұл өз кезегінде жартыжылдық қорытындысы бойынша біздің міндеттемелерді (ОПЕК алдындағы) орындауға мүмкіндік береді»,-деп түсіндірді Бозымбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жылы картель мүшелері өндіріс көлемін тәулігіне 1 млн 200 мың баррельге қысқартуға келіскен болатын. Ал ОПЕК елдеріне кірмейтін Қазақстан сияқты елдер мұнай өндіруді тәулігіне барлығы 558 мың баррельге қысқартуға келісті. Оның негізгі салмағын Ресей өзіне алды. Ол өндірісті тәулігіне 300 мың баррельге азайтатын болды. Әзербайжан 35 мыңға, Мексика 100 мыңға қысқартуға келісті.
Оның сөзіне қарағанда, газды өндіру 4 айда 17 млрд 630 мың текше метрді құрап, өткен жылға қарағанда 113,7 пайыз деңгейінде. Аталған кезеңде өндірілген көмірдің көлемі 35 млн 600 мың тоннаға жетті.
«Біздегі барлық көрсеткіштер айтарлықтай жақсы, атқарылған жұмыстар оңтайлы деңгейде»,-деп түйіндеді сөзін Бозымбаев.