Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Мәңгілік ел» идеясы елді бірлікке жұмылдырып, биіктерге бастап отыр - Ш.Өтемісов, Мәжіліс депутаты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Шавхат Өтемісов елге келген сайын уақытын барынша тиімді пайдаланып, сайлаушылармен көбірек кездесіп, тың ой түйіп кетуге тырысады. Бұл жолы да солай болды. Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын қалың бұқараға жеткізу мақсатында келген Ш.Өтемісов әріптестерімен бірге Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы сынды облыстың шалғай аудандарына дейін болып, тұрғындармен өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Осы сапарында Мәжіліс депутаты ҚазАқпарат тілшісіне де сұхбат берді.

«Мәңгілік ел» идеясы елді бірлікке жұмылдырып, биіктерге бастап отыр - Ш.Өтемісов, Мәжіліс депутаты

- Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы отандастарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтарлықтай жақсартуға, ел экономикасына ерекше серпін беруге арналған маңызды құжат болып табылады, деді Шавхат Әнесұлы. Жолдауда белгіленген мұрат-мақсаттар бір-бірімен тығыз байланысты және бір мүддеге негізделген, яғни ата бабаларымыздың асыл арманы - Мәңгілік елге жол бастау.

Мәңгілік ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бұл идея, менің ойымша, әрбір қазақстандықты бірлікке, отансүйгіштікке шақырады, халқымызды бір мақсатқа жұмылдырады. Ал бірлігі мықты елдің алмас асуы болмайды.

Жолдауда алға қойылған барлық міндеттердің аса маңыздылығын тағы да айта отырып, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде мына факторға ерекше тоқталғым келеді.

Президент өз Жолдауында энергетика мәселесіне ерекше ден қойды және энергетиканың дәстүрлі түрлерін де дамыту қажеттігін атап өтті. Қазақстан бүгінгі таңда мұнайдың нақты зерттелген қоры бойынша әлемде оныншы, ал көмір қоры жөнінен сегізінші орынға ие. 2013 жылы біздің елімізде 81,8 млн. тонна мұнай өндірілді. Демек, ҚР Президентінің жаңа мұнай өндеу зауыттарын салу туралы тапсырмасы ел экономикасына тың күш-қуат болып құйылары кәміл.

Мемлекет басшысының орынды үнемге негізделген технологияны жаппай қолданысқа енгізуге үндеуі ғылыми-техникалық тұрғыдан ілгерілеуді ширататыны анық. Бұл орайда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің ықпалы зор болмақ. Осы орайда Парламент 2013 жылы «Энергияның жаңартылатын көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қабылдағанын айтып өткен жөн. Қазіргі жағдайда Қазақстанда балама энергетиканы (жел, күн, су, биоқуат көздері) дамыту үшін құқықтық негіз толық жасалған. Бұл салада жылына 2 трлн. Квт. сағат қуат өндіретін әлеуетіміз бар екенін ұмытпауымыз қажет.

Жолдауда елімізде ядролық энергетиканы дамытуға айрықша назар аударылды. Ядролық энергетиканың өзіндік құны төмен екендігі жақсы мәлім. Және атом энергетикасына байланысты да бізде ғаламдық бәсекеге төтеп берер табиғи артықшылық бар. Олай дейтін себебім, уранның дәлелденген қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында. Ал, ең бастысы, атом энергетикасын дамыту «жасыл экономика» қағидасына толық сәйкес келеді. Мәселен, атом стансасы 1 кВт. сағат өндіру кезінде 32 г. зиянды көмір қышқыл газын бөлетін болса, қоңыр көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары 1150 грамм, ал газбен жұмыс істейтін электр стансалары 400 г. зиянды көмір қышқыл газын бөледі. Демек, бұл салада мамандарымыздың, әсіресе, ел болашағы - жастардың біліктілігі аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан білімі мен тәжірибесі мықты кадр даярлау мәселесі күн тәртібінен түспейді.

- Сіз Батыс Қазақстан облысынан сайланған халық қалаулыларының бірісіз. Осы ретте өңірдің ең көкейкесті мәселесі ретінде нені айтар едіңіз?

- Ақ Жайық өңірінің тұрғындары автокөлік жолдарының, әсіресе, облыс аудандарында сын көтермейтінін өте түйткілді мәселе ретінде жиі көтереді. Шынында да қатқыл табанды жол жөнінен Батыс Қазақстан облысы республика бойынша ең төмен көрсеткішке ие. Бүгінгі таңда БҚО бойынша автожолдардың жалпы ұзындығы 5244 шақырым, соның ішінде қатқыл табан немесе асфальт төселгені 1007 шақырым немесе 19 пайыз пайыз. Ал бұл мәселе жөнінен республика бойынша орташа көрсеткіш 53 пайызды құрайды. Бұл - бізге сонау кеңес дәуірінен қалған «мұра». Әрине, жібі түзу жол біздің облысымыз үшін өте маңызды мәселе. Өйткені дамыған инфрақұрылым - өңірдің ырғақты экономикалық дамуының кепілі. Өз басым жерлестеріміздің автожолдардың жағдайына көңілі толмайтындығына түсіністікпен қараймын. Әрі таяу жылдары жағдайдың біршама түзелетіндігіне сенемін. Мемлекет басшысының тікелей қолдауының, облыс басшылығы мен Парламент депутаттарының қажырлы іс-әрекетінің нәтижесінде біздің облыстың автожолдарын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен едәуір қаражат бөлінді. Мысалы, тек биылғы жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 4 млрд. теңге қарастырылған. Оның үстіне облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыру болады. Сонымен қатар Орал қаласына қатысты жолдарды жөндеуге де қаражат бөлінбек.

Осы ретте Жайықтың Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы тұсынан көпір салынса, жағдай тіпті дұрысталар еді. Ең алдымен бұл көпір өзеннің екі жағында орналасқан Ақжайық ауданының тұрғындары үшін аса қажет. Көктем мен күз айларында сол жағалаудың тұрғындары аудан орталығымен мүлдем қатынаса алмай қалады. Аудан орталығымен байланыс тек Орал қаласы немесе Атырау облысының Дендер ауданы арқылы жүзеге асады. Ал бұл бағыттар жергілікті тұрғындар үшін қосымша ең кемі 300-500 шақырым жол жүруді қажет етеді. Көктем мен күз мезгілінде, қыстың басы мен соңында адамдар өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, өзеннен тәуекелмен ғана өтеді. Бір көпірдің жоқтығынан беймезгіл уақытта біраз адамның өмірі де қиылды.

Бұл көпірдің халықаралық маңызы да бар. Қазіргі кезде салынып жатқан Чапаев-Қазталов жолы Ресеймен шектесетін Жәнібек ауданы орталығына дейін жетпекші. Міне, осы жолды Волгоградпен жалғаса, ал Чапаевтан шығар жолды Самара-Шымкент күрежолына қосса, Самара, Орынбор өңірлері арқылы Ресейдің оңтүстігімен байланыстыратын халықаралық жаңа жол жүйесі қалыптасар еді. Біздің облыстың аумағы транзиттік аймақ болғандықтан, осы фактордың да экономикалық тиімділігін біз нақты сезіне түссек, тіпті керім емес пе?! Біздер бұл пікірімізді Үкіметке дәлелдеуге талпынудамыз. Облыс әкімдігі көпір құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Әрине, жұмсалатын шығын аз болмайды. Дегенмен, жобаны бүтіндей жүзеге асыру аясында, яғни, халықаралық жаңа жол жүйесі уақыт өте келе кеткен бүкіл шығынды жауып, зор пайда әкелер еді. Осы ауқымды жол жобасының іске қосылуы үшін біз облыс әкімдігімен бірлесе отырып, барлық мүмкіндікті іске қосатын боламыз.

- Түрлі кездесулерде тұрғындар қозғайтын басты мәселелерді айта кетсеңіз?

- Сайлаушылармен кездесу - депутат қызметінің маңызды құрамдас бөлігі. Облысқа әр келген сапарымызда біз ел-жұртпен тек Орал қаласында ғана емес, сонымен қатар міндетті түрде аудан-ауылдарда да жүздесеміз. Халық көтеретін мәселелер әртүрлі болып келеді, басы тұрмыстық жағдайдан басталып, соңы жалпымемлекеттік мәселелерге дейін ұласады. Негізі халық біздің назарымызға ұсынатын шаруалардың дені шешімін табуда екендігін айта кету керек. Мысалы, облыстың үлкенді-кішілі елді мекендеріне газ тарту, ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сынды іргелі шаруалар сәтті жүзеге асуда, Орал қаласын айтпағанда, аудан-ауылдарда қаншама әлеуметтік нысандар салынып, ел-жұрттың игілігіне берілуде. Ал кездесулерде көбінесе тұрмыстық тұрғыдан көтерілетін мәселелер, ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу болса, қалада - тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Мені депутат ретінде үнемі толғандыратын бір мәселе, жоғары білімді жастардың жұмыспен қамтылуының нашарлығы. Яғни, қыз-жігіттер жоғары білім алды, сәйкесінше дипломдары қолына тиді, ал қызметке орналасу мүмкіндігі кемшін. Өкінішке орай, елімізде осы мәселе өте өзекті күйінде қалып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес жоғары оқу орындарын бітірушілердің жыл сайынғы жұмысқа орналасу көрсеткіші 65-80 пайыз аралығында. Жағдайдың бұлай қалыптасуының бірнеше себебі бар. Солардың кейбірін атап кетер болсақ, Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы үйлесімді жұмыстың нашарлығы, халық шаруашылығының қай саласына қандай маманның қашан қажеттігінің жүйелі зерттелмеуі, сондай-ақ бірқатар ЖОО-ларда білім сапасының төмендігі. Әрине, кейбір жастардың мамандық таңдауға атүсті қарауын да осы негізгі факторлардың қатарына қосуға болады. Мәселен, бізде көптеген ата-аналар «Баламыз әйтеуір бір диплом алса болды» деп ойлайды. Және балаларын университетте оқыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл, бір жағынан, бұл дұрыс талпыныс, өйткені ұл-қызының білім алғанын кім қаламайды дейсіз. Дегенмен, екінші жағынан, еңбек нарығында сұраныс шамалы мамандыққа оқытудың қажеті қанша. «Әйтеуір бір диплом болса болды» деген көзқарастың заманы өтті емес пе?!

Бүгінгі таңда инженерлік-техникалық бағыттағы арнайы білімі бар мамандарға сұраным артып отыр. Және мұндай мамандарда жоғары білімнің болуы шарт емес. Әлгіндей сипаттағы мамандықтарды кәсіби-техникалық білім жүйесінде де меңгеруге болады. Ең бастысы, үлкенді-кішілі оқу орнын бітіруші еңбек нарығына қажет маман болуы тиіс. Біз тек осы жағдайда ғана дипломы бар жұмыссыздар санын қысқарта аламыз.

- Шавхат Әнесұлы, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы ретінде сізге соңғы сауал, Жайық өзенінің жай-күйі соңғы жылдары жиі көтеріліп келеді. Әрине, трансшекаралық өзен болғандықтан, оны Ресей жағымен бірлесіп шешу керек әрі облыстың оңтүстік аудандары суға зәру. Осы мәселені қалай реттеуге болады деп ойлайсыз?

- Қазақстанның барлық дерлік ірі өзендері өзге елдерден бастау алады. Батыс Қазақстанда да солай. Оның оңтүстік аудандарының мал-жанын сумен қамтамасыз ету үшін біздің облыс Қараөзен мен Сарыөзенге су келтіру мақсатында Ресей тарапына қыруар ақша төлеуге мәжбүр. Биылғы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден аса қаражат қарастырылып отыр. Бұл тәуелділіктен құтылып, Орал-Көшім жүйесінен суды Қараөзенге қайта апару үшін Киров-Шежін арнасын жаңартып-жаңғырту жұмыстары қолға алынуда.

Жайық өзенінің экологиялық жай-күйі күрделі екені еш жасырын емес. Өзеннің суы лайланып, оның үстіне жеткілікті қоректенбегендіктен, Жайықтың біздің өлке аумағындағы арнасы тарыла түсуде. Тұтастай алғанда, Жайық-Каспий су бассейнінің экологиялық ахуалы нашарлап барады. Ақ Жайық бастауын көрші елден алатын трансшекаралық өзен болғандықтан, Ресей жағы су беруді өз көзқарасы бойынша реттеп отыр. Парламент депутаттығына Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутаттар Үкіметке, тиісті министрліктерге Жайық өзенінің мүшкіл халі жөнінде жиі-жиі сауал жолдап отырады. Жалпы, бұл мәселе де біздің ұдайы назарымызда.