Маңғыстау облысы Әділет департаментінің жаңа басшысы тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — 20 қазан күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысының Әділет департаментінде жаңа басшыны таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Асулан Каримов
Фото: Маңғыстау облысының Әділет департаменті

Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Т. Ж. Кошмаганбетов және ведомстволық бағынысты ұйымдар қатысты. ҚР Әділет министрлігінің аппарат басшысы Сандуғаш Ерсеитова жаңа басшы — Асұлан Нұрланұлы Кәрімовті ұжымға таныстырды.

Ерсеитова өз сөзінде Асұлан Нұрланұлының кәсіби тәжірибесін жоғары бағалап, жаңа қызметінде табыс тіледі.

Сондай-ақ, ол Әділет министрлігінің өңірлік органдарының тиімді жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде жаңа басшының басқару тәжірибесі мен кәсібилігі өңірдегі әділет органдарының жұмыс сапасын арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

Асұлан Нұрланұлы 1981 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Еңбекші ауылында туған.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика және құқық мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.

2004-2007 жж. — Атырау облысы бойынша Салық комитетінің Салықты әкімшілендіру басқармасында жетекші маман, кейін бас маман қызметін атқарды. Бұл кезеңде салықтық әкімшілендіру және тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс бағытында тәжірибе жинақтады.

2007-2009 жж. — Атырау қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор, кеңесші және директордың орынбасары болды. Азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету бағытында жұмыс атқарды.

2009-2011 жж. — Құлсары қаласы әкімінің орынбасары (Жылыой ауданы) болды. Қалалық инфрақұрылым, әлеуметтік және экономикалық даму мәселелерін үйлестірді.

2011 жылы — Атырау облысы бойынша Жылжымайтын мүлік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды.

2011–2012 жж. — Атырау облысының Тексеру комиссиясының мүшесі болды. Мемлекеттік активтер мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау бағытында жұмыс істеді.

Әділет органдарында 10 жылдан астам еңбек өтілі бар.

2019-2025 жж. — Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы болған.

ҚР Президенті Әкімшілігінің 2025 жылғы 22 қыркүйектегі № 25-42-33.514 келісімі бойынша 20 қазаннан бастап ҚР Әділет министрлігінің аппарат басшысының бұйрығымен Маңғыстау облысы Әділет департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Осыған дейін Мағжан Ілиясовтің жаңа қызметке ауысқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар