Маңғыстау облысы тұрғындары қан тапсырып, мұқтаж жандарға көмектесе алады
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық қан орталығы тұрғындарға өтініш жасады.

Мұқтаж жандарға көмектескісі келген тұрғындар бүгін қан орталығына баруына болады.
- Өңіріміздің барлық жанашыр тұрғындарын қазір қан орталығына келіп, қан тапсыруларын сұраймыз! Деніңіз сау болса, бүгін майлы тамақ жемеген болсаңыз және ең бастысы мұқтаж жандарға көмектескіңіз келсе, біз сізді бүгін 25 желтоқсан сағат 16:00-ге дейін күтеміз! – деді Маңғыстау облыстық қан орталығынан.
Еске сала кетсек, Баку- Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.
ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
ҚР Президентінің тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия құрылды.