Маңғыстау облысы түйе сүтін ұнтаққа айналдырып, экспорттауды бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдырып, экспортқа шығару үшін 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай есептік кездесуде айтты.
– Өңірде 95 мыңға жуық түйе басы тіркелген. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдырып, экспортқа шығару мақсатында түйе сүтін терең өңдеуге бағытталған 3 ірі инвестициялық жобаны іске асырудамыз. Жалпы биыл облыста ауыл шаруашылығы саласында 38 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 22,4%-ға көбейді, - деді Н. Қилыбай елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
2026 жылы «Қарағантүбек» ЖШС сауын түйелер санын 2000 басқа дейін көбейтіп, құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт құрылысын бастайды. Зауыт жылына 100 тоннаға дейін түйе сүтін қайта өңдей алады.
– Биыл облыста түйе сүтін автоматтандырылған әдіспен сауатын цех ашылды. Салада 2025-2027 жылдары 23,6 млрд. теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылады, - деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, биыл 1,3 млрд теңгеге 43 ветеринариялық пункт салынып, барлық ветеринариялық ұйымдар қызметтік автокөлік және жабдықтармен қамтылды. Соңғы жылдары ветеринар мамандардың жалақысы 100%-ға көтерілген.
Бұған дейін Маңғыстау әкімі өңірдің туристік әлеуетін баяндап, Бозжырада алғашқы қонақүй құрылысы басталғанын айтқан еді.