Маңғыстау облысында 70 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар «Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе» автомобиль жолының 91-161 шақырым аралығындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

а
Фото: ҚазАвтоЖол

Жөндеу жұмыстарына 22 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 38 маман жұмылдырылған.

Бүгінгі таңда жолдың 62 шақырымында жону жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жол төсеміндегі ақауларды жою бойынша 875 текше метр көлемінде жұмыс атқарылған.

– Жоба аясында 61 шақырымға ірі түйіршікті асфальтбетоннан төменгі қабат төселді. Сонымен қатар 10 шақырымға майда түйіршікті асфальтбетоннан жоғарғы қабат салынды, – делінген компания хабарламасында.

Жөндеу жұмыстары республикалық маңызы бар автожолдың жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын бөлігін қамтиды.

Жоба толық аяқталғаннан кейін жолдың көлік-пайдалану көрсеткіштері жақсарып, өңір тұрғындары мен транзиттік көлік жүргізушілері үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, Түркістан облысында жөнделген жол екі айға жетпей ойыла бастады.