Маңғыстау облысында итбалықтар вирустан қырылған
АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы Алматыдағы микробиология және вирусология ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі Айдын Қыдырманов мәлімдеді.

Еске салайық, Маңғыстауда қазан-қараша айларында Түпқараған және Қарақия аудандары аумағындағы теңіз жағалауынан 2 мыңға жуық өлі итбалық табылған болатын. Осы кезде ғылыми орталықтың қызметкерлері Маңғыстауға келіп, өлекселерден сынамалар алған. Сол сынамалардың алғашқы нәтижесі шықты. Мамандар молекулярлық-генетикалық талдау жүргізіп, итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру тапқан.
- Сол сынамалардың барлығында вирус болды. Бұл - вирустық нейроинфекция. Ал енді оның жануардың миынан табылғаны осы аурудың бірден бір себебі - вирус екенін дәлелдейді, - дейді орталықтың вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі Айдын Қыдырманов.
Маманның айтуынша, бұл вирус иммундық жетіспеушіліктен болады. Ғылымда әлі толық сипатталмаған, анықталмаған дерт. Теңіз сүт қоректілеріне тән вирустық инфекция.
Бұған дейін, Маңғыстауда Каспий теңізінің жағалауынан тағы да 121 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы жазған болатынбыз.
Содан соң итбалық өлекселерінің екі мыңға жуықтағаны хабарланды.
Артынша итбалықтардың қырылуына қатысты алғашқы сараптаманың қорытындысы жарияланды.