Маңғыстау облысында онкология мен қант диабетіне шалдыққандар саны артты

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында жыл басынан бері миокардит, онкологиялық аурулар және қант диабетімен сырқаттану көрсеткіші өскен. Бұл туралы Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мониторинг, талдау және тәуекелдерді бағалау бөлімінің басшысы Мәдина Рахметова мәлімдеді.

онкология
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда биыл өңірде миокардитпен сырқаттану 1,33 есеге, яғни 33,3%-ға артқан. Онкологиялық аурулар бойынша көрсеткіш 1,23 есеге немесе 23%-ға, ал қант диабетімен сырқаттану 1,09 есеге, яғни 8,6%-ға өскен.

Миокардит — жүрек бұлшықетінің қабынуынан болатын ауру. Ол жүректің қанды ағзаға айдау қабілетіне әсер етеді.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда адам денсаулығына қауіп төндіретін аурулардың едәуір бөлігін жұқпалы емес аурулар құрайды. Оларға жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, қатерлі ісіктер, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары және семіздік жатады.

— Жұқпалы емес аурулардың негізгі қауіп факторларының бірі — дұрыс тамақтанбау. Майлы, тұзды және құрамында қант мөлшері жоғары тағамдарды шамадан тыс тұтыну ағзаға кері әсер етеді. Сондықтан күнделікті ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар және пайдалы ақуыз көздері болғаны маңызды, — дейді Мәдина Рахметова.

Маңғыстауда онкология мен қант диабетіне шалдыққандар саны артты
Фото Мәдина Рахметованың жеке архивінен

Маманның айтуынша, фастфудты, тәтті және газдалған сусындарды шектеу, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Дене белсенділігі де аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Қимыл-қозғалыстың аздығы артық салмаққа, қан қысымының жоғарылауына және жүрек-қан тамырлары жүйесінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Маман күн сайын серуендеуге, дене жаттығуларын жасауға немесе спортпен айналысуға кеңес береді. Сонымен қатар ауруларды ерте анықтау үшін дәрігерге уақытылы қаралып, профилактикалық медициналық тексеруден тұрақты өту маңызды.

— Қан қысымын, дене салмағын және басқа да негізгі көрсеткіштерді бақылау көптеген аурудың алдын алуға немесе оны бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, жеткілікті ұйқы және медициналық тексеруден уақытылы өту — денсаулықты сақтаудың негізгі шарттары, — дейді Мәдина Рахметова.

Бұған дейін Жамбыл облысында күндізгі онкологиялық стационарға келетін науқастар саны артқанын жазғанбыз.