Маңғыстау облысында шаруашылық сарайының едені опырылып, 10 адам жертөлеге құлап кетті

АҚТАУ. KAZINFORM – Төтенше оқиға Сайын Шапағатов ауылындағы шаруашылық құрылыстарының бірінде болды. Сарайдың едені опырылып, адамдар жертөлеге құлап кеткен.

Маңғыстау облысында шаруашылық сарайының едені опырылып, 10 адам жертөлеге құлап кетті
Фото: Kazinform

Түпқараған аудандық әкімдігінің мәліметінше, оқиға 15 мамыр күні кешке болған. Жеке тұрғын үй ауласында орналасқан сарайдың едені құлаған. Сол сәтте ішінде 10 адам болған. Олардың екеуі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қалғандарының жағдайы тұрақты, үйлеріне жіберілген.

– Аталған дерек бойынша құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлады әкімдік.

Маңғыстау облыстық ауруханасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аурухананың қабылдау бөліміне 9 адам жеткізілген, олардың екеуі нейрохирургия бөліміне жатқызылды.

– Нейрохирургия бөліміне түскен 39 жастағы әйел бас-ми жарақатын алған. Ал 35 жастағы әйелдің мойын омыртқасы жабық сынғаны анықталды. Олар дәрігерлердің бақылауына алынды. Сонымен қатар осы оқиғадан зардап шеккен тағы 7 адамға медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем алуға жіберілді, - делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, бұған дейін маңғыстаулық дәрігер бас сүйегі сынып, миы жаншылған баланы аман алып қалған болатын.