Маңғыстау облысының бала құқықтарын қорғау басқармасының жаңа басшысы келді

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен облыстық бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып Несібелі Қуатова тағайындалды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

а
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Несібелі Қуатова 1979 жылы 1 шілдеде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Таушық ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Кәсіптік оқыту педагогы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2024 жылы Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алды.

Еңбек жолын 1998 жылы Ақтау қаласындағы № 15 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.

2004-2007 жылдары «Шетпе» гимназиясы мен «Болашақ» гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарды.

2006-2007 жылдары № 56 «Жұлдыз» балабақшасында тәрбиеші және № 7 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болды.

2010-2011 жылдары Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты көру қабілеті бұзылған балаларға арналған № 1 арнайы түзету мектеп-балабақшасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

2011 жылы Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеші болды.

2012-2025 жылдары «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығында ұйымдастырушыдан бастап директор лауазымына дейінгі қызмет жолынан өтті.

2025 жылғы қараша айынан бастап осы уақытқа дейін Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Бұған дейін Ерлан Қарин жаңа лауазымды қызметке тағайындалғанын жаздық.