Маңғыстауда су тұщыту зауытын салуға ниетті инвесторлардың ұсынысы көңілден шықпайды – Нұрдәулет Қилыбай

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау өңірінде су тұщыту зауытын салуға ниетті инвесторлардың ұсыныстары көңілден шықпайды. Мұндай пікірді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай
Фото: «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасы

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында су тұшытатын зауыт салып беруге ниетті инвесторлар көп. Бірақ, олардың ұсыныстары әкімдікке ұнап отырған жоқ.

«Себебі, олар „зауыт салып береміз, сатып аласыздар“ дейді. Ол бізге керек емес. Біз „зауыт салыңыздар, монополияға қарсы мемлекеттік органдар тарифтеріңізді бекітіп береді. Сол бағамен халыққа сатасыздар“, дейміз. Қазір екі шетелдік компания келіп, зерттеу жүргізіп жатыр», — деді өңір басшысы.

Оның атап өтуінше, осы жаз айларында өңірдегі су тапшылығы тәулігіне 77 мың текше метрге жетті. Сондықтан тәулігіне 20 мың текше метр су тұшытатын Каспий су тұшыту зауытының мүмкіндігі кеңейтіліп жатыр. Осы айдың соңына қарай аталған зауыттың су тұщыту қуаты тағы 20 мың текше метрге артады.

«Бірақ, бір әттеген-айы дәл қажет кезінде су болмай қалды. Қыркүйектен мамырға дейін су тұтыну азаяды. Керек кезінде, жаздың ыстық аптабында халықты сумен толықтай қамтамасыз ете алмағанымыз рас. Оған бір адам кінәлі деп айта алмаймын. Орын алған жайттың ішкі, сыртқы мәселелері бар. Оларды тексеретін болсақ, тексерерміз. Дәл қазір бір бірімізбен жаға жыртысып жататын уақыт емес. Ең бастысы — қолға алынған жұмыстарды аяқтау», — деді облыс әкімі.

Өңір басшысының дерегінше, «МАЭК» ЖШС аймағында тәулігіне 24 мың текше метр су тұшытатын қондырғы орнату жоспарда бар. Алайда, әзірге оның бюджеті нақтыланбаған. Мұнан бөлек, «ҚазМұнайГаз» Қарақия ауданына қарасты Тоқмақта тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын зауыт салып жатыр. Оның құрылысы келесі жылы аяқталмақ.

Соңғы жаңалықтар