Маңғыстау тасжолында жүргізушілерге арналған лазерлік жүйе іске қосылды
АҚТАУ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының мәліметінше, Маңғыстау облысындағы Бейнеу – Ақжігіт автожолының учаскесінде жүргізушілерге арналған ерекше лазерлік жүйе іске қосылды.
Компанияның дерегіне сүйенсек, бұл ерекше технология түнгі уақытта қолданылады және ұзақ жолда келе жатқан жүргізушілердің зейінін арттыруға арналған. Лазерлік бағдарлар рөлде шаршау қаупін азайтып, жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейтуге көмектеседі.
– Сонымен қатар Бейнеу – Ақжігіт ақылы автожолының 85-шақырымында, «Тәжен» бақылау-өткізу пунктінің маңында жүргізушілер мен жолаушыларға арналған заманауи санитарлық-гигиеналық кешен ашылды. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған және жол бойындағы сервисті жақсартуға бағытталған, - делінген хабарламада.
Бұл жоба әсіресе транзиттік және жүк тасымалы үшін маңызды, себебі «Тәжен» бекетінің маңындағы жол учаскесі ең қарқынды бағыттардың бірі саналады.
Бұған дейін, Ақтөбе – Ұлғайсын автожолындағы жөндеу жұмыстарының 2028 жылдың соңында аяқталатыны туралы жазған едік