Маңғыстауда Ақшұқыр ауылы жағалауынан 70-ке жуық итбалықтың өлексесі табылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Түпқараған ауданы Ақшұқыр, Сайын Шапағатов елді мекендерінің жағалауында жатқан итбалық өлекселері туралы құзырлы органдарға тұрғындар хабарлаған. Соған сәйкес, мамандар теңіз жағасына мониторинг жүргізіп, өлекселерді анықтады.

Облыстық балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қонарбай Базарбаевтың айтуынша, итбалықтардың басым бөлігі техника бара алмайтын жерлерде жатыр. Олар былтыр күзде жаппай қырылу кезінде жиналмай немесе көзден таса қалған болуы мүмкін.
— Былтыр осы аумақтан шамамен 130-ға жуық өлексе анықталған еді. Содан жиналмай қалған болуы да мүмкін. Жергілікті әкімдік бүгін Ақшұқыр жағалауынан бастап, көлік бара алатын жерлердегі итбалықтар жинап жатыр. Ал техника бара алмайтын аумақтардағы өлекселерді қалай жинаймыз, оны ақылдасып жатырмыз, — дейді облыстық балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қонарбай Базарбаев.
Қонарбай Базарбаевтың айтуынша, жағалауда құстар да өліп жатыр. Сондықтан облыстық экология департаментінің мамандары теңізден су сынамасын алды.
Бұған дейін, Каспий жағалауында 88 итбалықтың өлексесі табылған еді.
Ақтауда Каспий теңізінің жағалауынан құстардың да өлексесі табылғанын жазған болатынбыз.