Маңғыстауда бір отбасы жол апатына ұшырап, отағасы қаза тапты
АҚТАУ. KAZINFORM – Қайғылы оқиға 28 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында Шетпе – Сайөтес автожолының 243-шақырымында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Атырау облысының тұрғыны басқарған Chevrolet Cobalt көлігі жолдан шығып кетіп, аударылған.
Жол апаты салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Көлікте оның жұбайы мен төрт баласы болған. Әйел мен балалар түрлі дене жарақатын алған. 15 жастағы қыз ауыр жарақат алды. Оның жағдайы өте ауыр болғандықтан, санитариялық авиациямен Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. 13 жастағы тағы бір бала ауруханада жатыр. Оның да жағдайы ауыр. Дәрігерлер бүйрегінің соғылғанын және көлемді гематома бар екенін анықтаған.
7 жастағы баланы да дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынған. Алайда анасы ем алудан жазбаша түрде бас тартып, жол апатынан қаза тапқан күйеуінің жерлеу рәсіміне Атырауға шұғыл баратынын айтқан. Алайда дәрігерлер әйелге емнен бас тартудың салдары болуы мүмкін екенін ескеткен. Ал 5 жасар баланың жағдайы тұрақты, анасының жанында.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апатына дейін бұл отбасының көлігін патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, жүргізушіге жол қауіпсіздігі талаптары түсіндірген. Сондай-ақ шаршаған жағдайда демалып алуға кеңес берген.
— Таңғы сағат алты шамасында Шетпе — Сайөтес автожолының 252-шақырымында Атырау облысының тұрғыны басқарған Chevrolet Cobalt көлігі аударылып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші көлікке ие бола алмай қалған. Салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Көліктің ішінде төрт баласы болған. Аталған автокөлік оған дейін патрульдік полиция ротасының қызметкерлерімен тоқтатылып, жүргізушіге жол қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, шаршаған жағдайда тынығу жөнінде ескерту жасалған болатын. Алайда берілген ескертулерге қарамастан, қайғылы жол-көлік оқиғасының алдын алу мүмкін болмады. Құрметті жүргізушілер, ешқашан жолда асықпаңыздар. Егер өзіңізді шаршаған немесе ұйқылы сезінсеңіз, міндетті түрде қауіпсіз жерге тоқтап, демалыңыз. Бірнеше минуттық тынығу адам өмірін сақтап қалуы мүмкін, — дейді Маңғыстау облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Тайман Аңшыбаев.
Бұған дейін, Ақтауда стоматологиялық емнен кейін 9 жасар баланың жақ сүйегі зақымданды.