Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілді

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында жазғы кезеңге байланысты ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Ауа температурасы +25 градустан жоғары болған күндері салмағы белгіленген нормадан асатын жүк көліктеріне сағат 10:00–ден 22:00–ге дейін республикалық маңызы бар жолдармен жүруге болмайды.

Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілді
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

Осы талаптың сақталуын көліктік бақылау инспекторлары күн сайын тексеріп жатыр. Шектеу 1 маусымнан 31 тамызға дейін қолданылады.

Бұл талап жол жабынын аптап ыстықтың әсерінен болатын бүлінуден қорғауға бағытталған. Өйткені жоғары температура кезінде ауыр көліктердің қозғалысы асфальт жабындысының бұзылуын жылдамдатып, жол инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келтіреді.

Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілді
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

Шектеу халықаралық тасымалмен айналысатын, жолаушылар тасымалдайтын, тез бұзылатын азық-түлік, қауіпті жүк пен гуманитарлық көмек жеткізетін, сондай-ақ төтенше жағдайларға қатысы бар көліктерге қолданылмайды.

Қазір Маңғыстау облыстық көліктік бақылау инспекциясының мамандары республикалық трассаларда ауыр жүк көліктерін арнайы таразы арқылы тексеріп жатыр. Инспекторлардың айтуынша, талапты негізінен карьерлерден қиыршықтас, құм, тас және басқа да құрылыс материалдарын тасымалдайтын самосвалдар бұзады.

Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілді
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

— ПГС, қиыршықтас, құм, тас тасымалдайтын жүк көліктерінің жүргізушілеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Айыппұлға жол бермеу үшін жүк тасымалдаушылар заңда белгіленген салмақтық параметрлерді сақтауы қажет. Көлік тоқтатылып, салмақ нормалары асып кеткен жағдайда, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылады. Анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін ғана әрі қарай жүруге рұқсат беріледі, — деді облыстық көліктік бақылау инспекциясы көліктегі бақылау бөлімінің бас маманы Азамат Абдырахманов.

Бүгінге дейін жазғы шектеу талаптарын бұзған жүргізушілерге қатысты 14 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Бұған дейін, Маңғыстау облысында марихуананы заңсыз сақтады деген күдікпен үш адам ұсталды.