Маңғыстауда ауыз су тапшылығын болдырмау үшін 7 жоба іске асырылады

АҚТАУ. KAZINFORM – Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдеш Түрікменбаевтың айтуынша, қазір облыста су тапшылығы шамамен 40 мың текше метрді құрайды. Мәселені шешу үшін биыл бірнеше жобаны іске қосу көзделген. 

Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Мәселен, маусым айының соңына дейін «МАЭК» кәсіпорны аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар іске қосылады. Сондай-ақ «СК-А-Строй» серіктестігі салған су тұшыту зауытының қуатын 5 000-нан 10 000 текше метрге дейін арттыру жоспарланған. 

20-маусымға дейін Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына қажетті мөлшерде су беру үшін, жеке инвестициялық жоба – су тұшыту қондырғысы іске қосылмақ. Ал, шілде айында Форт-Шевченко қаласы мен оның маңындағы елді-мекендер үшін, қуаттылығы тәулігіне 5000 текше метр су тұшыту қондырғысының құрылысы аяқталады. 

– Қаражанбас кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылды. Сыйымдылығы – 17 мың текше метр. Нәтижесінде «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан артылатын 15 мың текше метр суды облыстың елді мекендеріне жіберу жоспарлануда. Осының есебінен Жаңаөзен қаласын, Бейнеу, Жетібай, Мұнайшы, Тұщықұдық ауылдарын сумен қамтуды көздеп отырмыз, - дейді Әбдеш Түрікменбаев. 

Ал, тамызда айында Ақтауда «Каспий су тұшыту зауытының қуаттылығын тәулігіне 20 000-нан 40 000 текше метрге дейін ұлғайту» жобасы аяқталады. Сондықтан тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6 000 текше метр ауыз су берілмек. Сонымен қатар Мұнайлы және Қарақия аудандары, жылы жағажай нысандары мен өндірістік аймақтар да сумен қамтылады. 

Мұнайлы ауданындағы әсіресе жазғы маусымдағы ауыз су тапшылығын шешу үшін, Баянды ауылындағы су тұщыту қондырғысы арқылы тәулігіне қосымша 3 000 текше метр ауыз су беру жоспарланып отыр. 

Басқарма басшысының мәліметінше, аймақта ауыз су тапшылығы 2025 жылы толық шешілмек. 

Соңғы жаңалықтар