Маңғыстауда Бекет атаға зиярат етуге кетіп, із-түзсіз жоғалған азамттар табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында із-түзсіз жоғалған үш азамат аман-есен табылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Кең ауқымды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Маңғыстау облысы полициясының қызметкерлері Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарланған, Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш азаматты аман-есен тапты.
— Азаматтар мінген автокөлік Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы жетуі қиын жерде анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, көлік батпақты жерге батып қалып, осының салдарынан олар әрі қарай қозғала алмай, байланысқа шыға алмаған. Іздестіру барысында жоғалған азаматтарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұржігіт Базарбаев және Бейнеу аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы Бауыржан Нұрмұханбетов анықтады, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта азаматтар медициналық тексеруден өткізу үшін Ақжігіт ауылына жеткізілген. Олардың денсаулық жағдайын дәрігерлер тексереді.
Полиция іздестіру жұмыстарына қатысқан барлық қызметтерге алғыс білдіреді. Полиция қызметкерлерінің, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің және жұмылдырылған өзге де қызметтердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында жоғалған үш балықшы аман-есен табылған еді.