Алғаш рет көктайғақ салдарынан болған адам өлімі үшін жол қызметкері жауапқа тартылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық соты бес адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар «Доссор — Құлсары — Бейнеу — Сай-Өтес — Шетпе — Жетібай — Ақтау» автожолында болды. Көктайғақтың кесірінен Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 14 адам түрлі жарақат алды.
Тергеп-тексеру амалдарын Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары жүргізді. Олар қайғылы оқиғаға автожолды қысқы кезеңде тиісінше күтіп ұстамау себеп болғанын анықтады. Тергеу жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен орын алған ауыр салдар арасындағы тікелей себеп-салдарын дәлелдеді.
Бұл — Қазақстанның құқық қолдану тәжірибесіндегі, автомобиль жолын қыста тиісінше күтіп ұстамау адамдардың өлімі үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болған тұңғыш қылмыстық іс.
Сот үкімімен «КАЖСервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының № 57 жол пайдалану бөлімшесінің (ЖПБ-57) бастығы ҚР ҚК-нің 353-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетелік СҚО-да жүкті әйелдің жол үстінде қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.