Маңғыстауда бір топ жасөспірім қызды ұрып, оқиғаны видеоға түсірген
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында кәмелетке толмаған қызды бір топ жасөспірім ұрып-соққан. Оқиға сәті видеоға түсіріліп, әлеуметтік желілерде тараған.
Бейнежазбада қыздың тізерлеп отырғаны, кейін бірнеше адамның оны ұрып-соққаны көрінеді. Полиция осы оқиғаға қатысы бар барлық баланы анықтап, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізді.
— Оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерделеніп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жиналды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Маңғыстау облысы Полиция департаменті.
Полицияның мәліметінше, іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған. Ал жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды.
Құқық қорғау органдары жасөспірімдермен және олардың отбасыларымен профилактикалық жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.
Бұған дейін, Жаңаөзенде бопсалау күдігімен ер адам қамауға алынды.