Маңғыстауда бірнеше ауылды жайлаған қарақоңыздар карантиндік емес болып шықты

АҚТАУ. KAZINFORM — Бейнеу аудандық фитосанитария бөлімінің басшысы Дастан Мұхановтың айтуынша, зерттеу жүргізіліп, карантиндік жәндік емес екендігі анықталған.

қоңыз
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Қарақоңыздың ғылыми атауы — Tenebrionidae. Олардың 15 000 ға жуық түрі бар. 

— Қарақоңыздар адам үшін тікелей қауіп төндірмегенімен, олардың жаппай таралуы эстетикалық және санитарлық тұрғыдан қолайсыздық туғызып, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Олардың айтуынша, қоңыздар үйлердің шатырын, аула мен көшелерді жаппай жаулаған. Қазіргі таңда мұндай жағдай Бейнеу ауылынан бөлек, Боранқұл, Ақжігіт сияқты басқа да елді-мекендерде тіркелді. Бұл — табиғи климаттық жағдайлардың әсерінен туындаған құбылыс, — дейді Бейнеу аудандық фитосанитария бөлімінің басшысы Дастан Мұханов. 

Маманның айтуынша, қарақоңыздар — зиянкес жәндік. Сондықтан жеке және заңды тұлғалар зиянды организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеуі қажет.

 — Әркім өз аумағын таза ұстауға міндетті. Көшедегі қарақоңыздарды жою үшін Бейнеу селосы әкіміне санитарлық шараларды ұйымдастыру жөнінде ұсыным хат жазылды. Ал, ауыл тұрғындарына айтатын болсақ, жекеменшік өз аулаларын, жер тілімдерін таза ұстауы керек. Қоңыздардың дамуы мен таралуына жол бермеу үшін, жеке тұрғындар өздері санитарлық шараларды ұйымдастырғаны жөн. Ол үшін дезинфекция жасайтын мекемелерге хабарласу керек, — дейді Дастан Мұханов.

Бұған дейін, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында қарақоңыз қаптап кеткені туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар