Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Маңғыстауда дизель отынын шекарадан заңсыз өткізбек болған шетел азаматы жауапқа тартылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында Қазақстанның кедендік шекарасы арқылы дизель отынын заңсыз алып өтпек болған шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Маңғыстауда дизель отынын шекарадан заңсыз өткізбек болған шетел азаматы жауапқа тартылды
Фото: Pexels

Бейнеу аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 9 шілдеде «Тәжен» кеден бекетінде болған. Қазақстаннан Өзбекстанға бағыт алған шетел азаматы көліктің зауыттық құрылымында қарастырылмаған, сыйымдылығы 95 литр болатын қосымша жанармай багына дизель отынын құйып, шекарадан алып өтпек болған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен ел аумағынан шығаруға тыйым салынған. Көлік құралымен мемлекеттік шекараны тек зауытта орнатылған штаттық жанармай багындағы отынмен ғана кесіп өтуге рұқсат етіледі.
Сотта шетел азаматына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 545-бабы бойынша (Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде тыйымдар мен шектеулерді қолдану тәртібін сақтамау) айып тағылды.

Сот қаулысымен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ дизель отыны тәркіленді.

Шекара қызметінің дерегінше, биылғы 1-21 шілде аралығында өткізу пункттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтуге қатысты 1342 әрекет анықталған. Заңсыз тасымалданбақ болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 112 тоннадан асқан.

Бұған дейін, Ақтауда қайықтың аударылуына кінәлілер жауапқа тартылды.