Маңғыстауда ерекше балалар емге кезегін жылдап күтіп жүр
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда мүмкіндігі шектеулі балалар ем-дом ала алмай жүр. Ата-аналар науқас балаларын республикалық оңалту орталықтарына апару үшін, квотаны кемінде 3 жыл күтуге мәжбүр. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы квота санын арттыруды сұрап, ресми хат жазған. Алайда, жауап жоқ.
Жалғызбасты ана Сандуғаш Шортанова «Аутизм» диагнозы қойылған ұлын емдетемін деп талай табалдырықты тоздырған. Республикалық оңалту орталықтарына берілетін квотаны баласы 6 жасқа толғанда алғаш рет алып, емге барғанын айтады. Содан кейін кезек жылжымапты. Қазір ұлы - 10 жаста.
- Баламды 2 жасында кезекке қойдым. 6 жасқа шыққанда кезегі келіп, оңалту орталығына барып қайттық. Қазір баламның жасы онда, 4 жылдан бері әлі кезек күтіп отырмыз. Бізден де жағдайы нашар отбасылар бар, тіпті 3-4 баласы бірдей аутист жанұялар бар. Олар қайтпек? - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Сандуғаш Шортанова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы балаларға жоғарғы мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру маманы Дәмелі Молдашеваның мәліметінше, аймақта мүгедектікпен есепте тұрған балаларға тек екі республикалық орталыққа ғана жолдама беріледі. Астанадағы ұлттық балаларды оңалту орталығы жылына өңірге 200 орын бөлсе, Алматыдағы «Балбұлақ» орталығы 56 орын бөліп отыр.
- Облыс бойынша жүйке жүйесі патологиясы бар, оңалту және қалпына келтіре емделуге ынталы, республикалық орталықтарда емделуге рұқсаты бар кезекке тіркелген науқастың жалпы саны - 1627, оның ішінде «Балалар аутизмі» диагнозымен кезекке тіркелген бала саны- 286. Бізге бөлінетін квота саны тым мардымсыз. Біздің тарапымыздан орын санын көбейту жөнінде орталыққа ресми хат жазылды. Әсіресе осы Маңғыстау облысына өте аз орын бөлініп отыр. Сол бойынша ресми хат жазылды бірақ ол хатқа ешқандай жауап келген жоқ, - дейді блыстық денсаулық сақтау басқармасы балаларға жоғарғы мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру маманы Дәмелі Молдашева.
Бұған дейін, Олжас Бектенов аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау керектігін айтқан болатын.