Маңғыстауда халықаралық жастар форумы басталды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда І Халықаралық «Aktau Youth Forum» жастар форумының ашылу салтанаты өтті. Оған бес елдің жастары қатысып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау жөніндегі стратегиялық бағыты аясында жүзеге асты.
Форумның басты мақсаты — жастардың интеллектуалды әлеуетін, рухани қуатын және азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Аталған форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастармен қатар Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның жас көшбасшылары мен делегаттары жиналды. Қатысушылар арасында ғылым, технология, спорт, шығармашылық және қоғамдық салада жетістікке жеткен талантты жастар бар.

Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен өңір басшылығы қатысты.
Форум бағдарламасында панельдік сессиялар, семинар-практикумдар, воркшоптар, сондай-ақ Маңғыстау облысының мәдени-тарихи нысандарына экскурсиялар бар. Сонымен қатар еліміздегі дарынды жастардың жүзеге асырған жобаларының көрмесі ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Астанада 7 қараша күні жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.