Маңғыстауда итбалықтардың жаппай қырылуы тыйылар емес: тағы 35 өлексе табылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Өлі итбалықтар Баутин ауылы маңындағы «Асан» және «Каса» аймақтары арасындағы жағалау бөлігінде анықталды. Бұл туралы облыстық Экология департаменті хабарлады.

Маңғыстауда итбалықтардың жаппай қырылуы тыйылар емес: тағы 35 өлексе табылды
Фото: Данияр Әкімжанов

19 мамырда облыстық балық шаруашылығы басқармасының жануарлар әлемін қорғау қызметінің инспекторлары 35 итбалықтың және бекіре тұқымдас балықтардың елексесін тапқан.

— Осыған байланысты экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары аталған учаскеде теңіз суынан сынамалар алды. Су сынамаларын зерттеу нәтижелері қосымша хабарланатын болады, — делінген хабарламада. 

Бұған дейін 10-11 мамыр күндері Түпқараған ауданының Баутин ауылындағы жағалаудан 37 өлі итбалық табылған еді. Сол кезде де облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары теңіз суынан сынамалар алды. Талдау нәтижелері бойынша судың құрамынан ластаушы заттар анықталған жоқ. 

Бұған дейін, Каспий жағалауынан 300-ге жуық итбалықтың өлексесі табылған болатын.